Денсаулық министрлігі құрамында қанты көп сусындарға акциз салу ұсынысынан бас тартпайды
Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қанты көп сусындарға акциз салу ұсынысынан бас тартпақ емес. Мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл талапты Денсаулық министрлігі ойлап тапқан жоқ. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Соның негізінде көптеген елдерде құрамында қант көп сусындарға акциз енгізіліп жатыр екен.
«Бұл талапты министрлік ойлап тапқан жоқ. Бұл жерде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы екенін айтып отырмыз. Көптеген елдерде акциз енгізілген. Қанты көп сусындарға салық салу – оның тұтыну көлемін азайтуға ықпал ететін шараның бірі. Бұл шаралармен қатар таңбалау талабы енгізіліп, ең бастысы, ата-аналармен жұмыс жүргізілетін болады. Ең қиыны – балалардың ас-ауқат дағдысын қалыптастыратын отбасымен жұмыс. Ас-ауқат дағдысы балада 5 жасқа дейін қалыптасады», – деді ол.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, Қазақстанда артық салмақ пен қант диабетіне шалдыққандардың қатары көбейіп жатыр.
«Қазіргі зерттеулер елімізде артық салмақ пен қант диабетіне шалдыққандардың қатары көбейгенін байқатады. Әсіресе балалардың арасында артық салмақ артып барады. Артық салмақ көптеген созымалы ауруларды тудыратыны белгілі. Бұл ретте 0,5 литр Coca-Cola-да, қателеспесем, бір күндік мөлшерден 10 есе артық қант бар. Одан бөлек қантты басқа да тамақтан алып жатамыз», деді ол.
2021 жылдың қазан айында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы мақұлданған. Жоба 2023 жылдан құрамында қанты көп сусындарға 20% мөлшерінде акциз енгізуді, 2024 жылы – 35%, 2025 жылы 45% дейін арттыруды қамтыған. Бұл бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі көтерген болатын. Министрлік қант қосылған сусындарды көп ішу жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, семіздік пен басқа да ауыр дертке шалдықтыратын алға тартты.
Ал тәтті сусын өндірушілер ұлт денсаулығы үшін күрестегі бұл тәсілмен келіспеген. Қазақстанның алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы «акциз енгізу- орта және шағын кәсіпорындардың жабылуы, жұмыс орындары мен салықтың қысқаруына әкеледі» деп мәлімдеді.
Алайда «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы былтыр басқа да 9 жобамен бірге тоқтатылған. Депутат Жанна Асанова бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловтан себебін сұраған болатын. Премьер-министр бұдан былай тек нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар бекітіледі деп жауап берген.
Ұлттық жоба жоқ болғанымен, оның көтерген мәселесі жойылмады. Денсаумин құрамында қанты көп сусындарға акциз салу мәселесі күн тәртібінде тұр деп тұжырымдайды.
Бұған дейін Қазақстанда вейптерді әкелу, тарату және сатуға тыйым салатын заң жобасы мақұлданды.