Qazaq Air Түркістан – Самарқанд бағытында әуе рейсін ашады

Жарияланды (жаңартылды )
Рейстер 2024 жылдың 15 наурызынан бастап орындалады / Фото: архив kursiv.media

Qazaq Air 2024 жылдың 15 наурызынан бастап Түркістан-Самарқанд бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Рейстер аптасына екі рет – жұма және жексенбі күндері De-Havilland Dash 8-Q400 ұшағында орындалады.

«Әуе қатынасының артуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті ведомство.

Қазіргі уақытта Түркістан-Самарқанд бағытында тікелей рейстер жоқ.

Qazaq Air – Қазақстанның аймақтық бағыттарына қызмет көрсету үшін құрылған әуе компаниясы. Оның акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорына тиесілі. Әуе флоты 5 De Havilland Dash-8-Q400NG ұшағынан (бұрын Bombardier DHC-8-Q400NG ретінде белгілі) тұрады.

Бұған дейін Qazaq Air әуе компаниясың 38 млрд теңге қарызы бары анықталды. Оны сатып алатын инвестор 2044 жылға дейін өтей алтыны белгілі болды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан мәлімдеді.

Бұған дейін өткізілген аукционда Qazaq Air әуе компаниясының инвесторы қарызды 2033 жылға дейін өтейді деген талап болған. Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл – компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден. 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеледі. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден.

Еске сала кетсек, Азаматтық авиация комитеті былтырғы 27 желтоқсанда Qazaq Air әуе компаниясының рейсіне тексеріс жүргізді. Бұл шара рейстерді уақтылы орындау және көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ авиациялық инспекторлары сағат 11-00-де Астана-Талдықорған бағытындағы әуе кемесін тексерген. Себебі жолаушылар тарапынан өтініштердің артқан. Рейс ауа райына байланысты сағат 14-30-ға дейін кешіктірілген. Кейін әуе кемесіндегі техникалық ақауға байланысты тоқтатылған.

Сондай-ақ оқыңыз