Tesla-ны басып озды: Mercedes-Benz әлемдегі ең қымбат автомобиль брендіне айналды

Жарияланды
Mercedes-Benz
Фото: Mercedes-Benz

Mercedes-Benz әлемдегі ең қымбат автомобиль брендіне айналды. Ол осыған дейін қымбат саналып келген электромобиль өндірушісі Tesla-ны басып озды. Бұл жайлы Brand Finance халықаралық аналитикалық агенттігінің жылдық есебінде жазылған.

Tesla 12%-ға төмендеп, 58,3 миллиард долларға дейін төмендеген. Ал Mercedes-Benz брендінің құны 1 пайызға өсіп, 59,4 миллиард долларға жеткен. Агенттіктің хабарлауынша Tesla-ның бұлайша екінші орынға түсуіне Илон Масктың айналасындағы дау-дамай әсер еткен.

Ең қымбат автомобиль брендтерінің тізімінде үшінші орында жапондық Toyota тұр. Бұл бренд өткен жылы да үшінші орынды иеленген. Ал төртінші және бесінші орындарды немістің Porsche мен ВMW маркалары иеленген. Volkswagen алтыншы, Honda жетінші, Hyundai сегізінші орында тұр. Үздік ондық тізімін  Ford пен Audi тұйықтаған.

Бір қызығы, ондыққа кірмесе де, спорттық автомобиль Ferrari ең беделді бренд ретінде статусын сақтап қалған. Бұған оның жоғары танымалдылығы мен беделі әсер еткен.

Brand Finance Қытайдың автомобиль секторы инвестиция мен экспортты ынталандыратын электромобильдерге деген үлкен жаһандық қызығушылықтың арқасында өсе түсетінін болжайды. Өткен жылы BYD – құны 20%-ға өсіп, 12,1 миллиард АҚШ долларын құраған. Солайша Қытайдың ең қымбат автомобиль брендіне айналған. Жалпы агенттік зерттеулеріне сенсек, қытайлық автокөлік брендтерінің құны артып келеді. Brand Finance Automobiles Index-2024 көрсеткіштері бойынша 22 қытайлық брендтің 19 брендін айтарлықтай жақсартқаны белгілі болған.

Ал әлемдік автонарықта бірінші орында тұрған Жапонияны 2023 жылы Қытай басып озған болатын. Солайша Қытай мемлекеті әлемдегі ең ірі көлік экспорттаушысы атанды. Қытай 2023 жылдың бірінші тоқсанында 1,07 миллион көлік экспорттаған, бұл 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 58%-ға артық. Қытай экспорты электромобильдерге деген сұраныс пен Ресейге сатылым есебінен өскен.

2022 жылы Қытай Германияны басып озып, әлемдегі көлік экспорты бойынша екінші орынға шыққан. Биыл автонарық көшбасшысы саналатын Жапонияның алдына түсті.

Сондай-ақ оқыңыз