Сенатта бизнеске қолдау көрсетуді көздейтін заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда қабылданды. Заң негізінде Сауда және интеграция министрлігіне сауда желілеріне мемлекеттітк қолдау көрсету бойынша ерекше құзырет беріледі. Оған сай министрлік ірі сауда желілеріне жеңілдікпен несие бере алады.
Депутат Евгений Больгерт жалпы сауда желілеріне мемлекеттік қолдау көрсетудің қаншалықты орынды екенін сұрады. Айтуынша, сауда желілерінде импорттық тауар үлесі басым. Осы орайда мемлекет қаражатының шетелдік тауарларды қолдауға құйылып кетуі ғажап емес.
«Заңда Сауда және интеграция министрлігіне ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты жаңа құзырет берілетіні жазылған. Бұл – сауда инфрақұрылымын дамыту үшін жасалып отырғаны айтылады. Сонымен бірге жаңа сауда алаңдарының пайда болуына жол ашып, отандық тауарлардың халыққа қолжетімді болуы үшін қажет. Десе де, бұл мәселе парламенттік талқылауда көп сұрақ тудырды. Әсіресе, мемлекеттік қолдаудың жаңа түрінің жүзеге асырылу механизмі мен бұл шараларға республикалық бюджетте тиісті қаражаттың болу-болмау мәселесі тұр»,– дейді депутат.
Больгерт қазіргі таңда бизнестегі барлық субъектінің 30 пайызы сауда секторына шоғырландырылғанына тоқталып өтті. Ал импорттық өнімдердің үлесі сауда желілеріне отандық өнім көлемінен асып түседі.
«Мемлекет басшысы қаржылық қолдау тек қажетті тұстарда ғана берілуі керектігін айтты. Осы орайда, бұл мемлекеттік қолдау қандай механизмдер арқылы жүзеге асырылатынын білгім келеді. Қазіргі таңда өңдеу және қайта өңдеу саласын дамытуды қолға алу мәселесі тұр. Сауданы бұлайша ынталандыру бұл сектордың экономикадағы үлесінің асып кетуіне ықпал етпей ме?»,– деп сұрады.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев қабылданып жатқан шаралар сауда алаңдарының жеткіліксіздігі мәселесін шешетінін айтты.
«Қазіргі таңда сауда алаңдары жетіспейді. Иә, қаражат импорттық тауарларды қолдауға бағытталып кету мүмкіншіліктері жоқ емес. Бірақ бізге сауда алаңдары керек. Қоймалар керек. Бұл – отандық бизнестің қажеттіліктері. Өндірісті ынталандыруға министрлік арнайы шаралар қабылдап жатыр. Ал бюджет қаражатының жеткіліксіздігіне қатысты, қаржыландыру механизмін емес, осы бағыттарға жұмсалатын несиенің проценттік мөлшерлемелерін субсидиялау мәселесін қарастырып жатырмыз. Сауда саласы – халықты жұмыспен қамтып отырған ірі саланың бірі. Сондықтан оған қолдау көрсетілуі керек»,– деп жауап берді.
Әлеуметтік тауарлардың бағасы қалай қадағаланады?
Ал сенатор Бауыржан Қаниев Заң негізінде шекті бағалардың қалай реттелетінін сұрады. Мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отырғанымен, кей тұстарда әлеуметтік тауарларға бағаны тұрақтандыру тетігі дұрыс жұмыс істемейтінін айтты. Яғни тауардың өндірушіден, тұтынуға дейінгі жолын бақылау қиынға соғатынына ерекше тоқталды.
«Заңда әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағалар енгізудің механизмі қарастырылған. Олардың бағасы сауда белгісінде бекітілген ережеге сай 15 пайыздан аспауы керек. Десе де, бұл механизмге біз күмәнмен қараймыз. Өйткені өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі бағасын қадағалау ортадағы делдалдардың көптігіне байланысты қиынға соғатын секілді. Оның үстіне тұрақтандыру қорлардың негізінде қолданыстағы бағаны тұрақтандыру механизмі де жолға қойылмаған. Жалпы бағалар қалай қадағаланады? Әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдері мен механизмі қарастырылған ба? Тұрақтандыру қорының қызметін реформалау жоспары бар ма?»,– деп сұрады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тұрақтандыру қорына 19 тауар емес, 9 тауар форвардтық сатып алу жолымен алынатынын жеткізді.
«Тұрақтандыру қорына қатысты қордың механизмін жетілдіруді қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда 9 тауар бойынша тұрақтанддыру қорлары форвардтық сатып алуды жүзеге асырады. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен несиелеу туралы арнайы келісімшарттар жасалады. Бұл шараларға ұлттық азық-түлік корпорациясы жауапты. Ол орталықтандырылған сатып алуларды жүзеге асырады. Оның ішінде форвардтық сатып алулар да бар. Корпорация ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, өңдеушілермен, үлкен сауда желілерімен үш жақты келісімшартқа отырады. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік туады», – деді Тасжүреков.
Еске сала кетсек, бүгін Сенатта Заң негізінде кәсіпкерлерге 10 сала бойынша мемлекеттік бақылау күшейетіні айтылды.
Заң күшіне енсе, бақылау және қадағалау органдарына жаңа құзырет беріледі. Олар сол құзыреті шеңберінде бизнес субъектісін алдын ала хабардар етпестен, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын қорғауды қозғайтын салаларда құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шұғыл шаралар қабылдай алады. Оның ішінде қарудың, есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы, балаларға тыйым салынған ақпараттық өнімдерді тарату, сауда базарларында ветеринариялық-санитариялық бақылауды жүзеге асыру сынды халықтың қауіпсіздігіне қатысты маңызды бағыттар бар.