Жаңалықтар

Қаржылық жоспардың арманнан қандай айырмашылығы бар?

қаржылық жоспар
Қаржылық мақсатты дұрыс қоюға қатысты пайдалы кеңестер / Фото: kursiv.media

«Сананы қаржы яки тұрмыс билемеуі керек» десек те, ақшаның адам өмірінде маңызды рөл ойнайтыны анық. Әлеуметтік желіде инфлюенсерлер бірінен соң бірі күректеп табатын табысы туралы жарыса айтып жүр. Қолыңының ұшын қимылдатпай-ақ кірісті еселеп көбейтетін күмәнді әдістерді емес, қаржылық мақсатты дұрыс қоюға қатысты пайдалы кеңестер әзірледік.

Мақсат қойғанда не нәрсеге мән беру керек?

Кей адамдар қиялға беріліп, көп армандағанды жақсы көреді. Арманның адамға зияны жоқ. Әйтсе де, шынайы өмірмен ұштастырылған мақсат қана іске асады. Мұндайда қаржылық жоспар жақсы көмектеседі. Өйткені оның көмегімен мүмкіндігіңізді дұрыс бағалап үйренесіз. Яғни қай арманыңыз расында орындалатыны, ал қай тілегіңіздің іске асуы қиын екені көрінеді. Қаржылық мақсатты дұрыс қоя білсеңіз, армандаған көлігіңізді, ойдағы пәтеріңізді алып, балаңыздың болашағына қор жинап, өзіңізге қамсыз қарттыққа жол аша аласыз. Бұрын жүрек түкпірінде жүрген талай тілегіңізді де қаржылық жоспар жасау арқылы жүзеге асыруға болады. Себебі бұрын нақты қанша сома керегін есептемеген соң, өзіңізге орындалмайтын арман деп ойлап алған болуыңыз мүмкін. Әрі адамда жүйелі жоспар болса, қосымша табыс көзін табуға да құлшыныс ашылады. 

Қаржылық мақсаттың арманнан айырмашылығы неде екеніне тоқталайық. Мақсат қойғанда бәрі нақты көрініп тұрады. Яғни белгісіздік деген жоқтың қасы. Әрі оны іске асыру үшін асқан талантты болудың не таныс-тамырдың мүлдем керегі жоқ. Бар болғаны есептей алсаңыз және табыс тапсаңыз болғаны. Ең маңыздысы сол: қаржылық мақсатты дұрыс қоя біліңіз. Атап айтқанда:

  • Нақты сомасын анықтап алыңыз. Кез келген қаржылық мақсаттың есебін жасап, өлшеуіңіз керек. Айталық, «көп ақша тапқым келеді» дегеніңіз мақсат емес. Бұл — қалауыңыз. Ал оны мақсатқа айналдырғыңыз келсе, «айына 2 миллион теңге тапқым келеді» деп жүйелеңіз.
  • Ай сайын қалтаңызға 2 миллион теңге түсіп тұрғанын қалайтыныңызды білдік. Ендігі кезекте ол ақшаны қайда жұмсайтыныңызды анықтап алыңыз. Яғни алдыңғы тілегімізді тағы да нақтылай түсеміз. «2 миллион теңге тауып, соны жинап, су жаңа көлік алғым келеді» деңіз.
  • Сонымен бізде нақты сома мен мақсат бар. Енді оған мерзім қоюымыз қажет. «Айына 2 миллион теңгеден табыс тауып, соны жинап, жарты жылда су жаңа көлік алғым келеді» деп жүйелеп, нақтылап мақсат қоямыз. Дұрыс қойылған мақсат яки жоспар осындай болады.

Мақсатқа мән берудің себептері

Неліктен осылай бәрін нақтылауымыз керек? Өйткені анық қойылмаған мақсатқа жоспар жасау қиын. Адамның миы солай жұмыс істейді. Дұрыс айтылмаған, жүйеленбеген дүниені қабылдауы оңай болмайды. Егер өзіңізге орындауға әлдебір шаруаны жүктесеңіз, оның орындалу жолын міндетті түрде тап-тұйнақтай етіп құрастырыңыз. Әйтпесе нақтылық жоқ болғасын ми когнитив ресурсты үнемдеу үшін әлгі шаруаны басты істердің қатарынан алып тастайды. Осылайша оның орындалуы да кейінге шегеріле береді.

Ақшалай есептеуге болатын кез келген нәрсеге мақсат қоя беруге болады. Мысалы:

  • Өзіңізге не өзгеге бағыттай аласыз. Яғни зейнетке шыққанда жақсы өмір сүру үшін бүгіннен бастап жинаққа мән беремін деп шешуіңіз мүмкін. Болмаса, кеше ғана өмірге келген балаңызға депозит ашып, кәмелетке толғанда айтарлықтай қаражат жиналсын деген оймен мақсат қоя аласыз;
  • Әлдебір нәтижесі бар мақсаттар болады. Ол дегеніміз үй, машина алу деген секілді;
  • Қысқа мерзімді жоспарлар деген бар. Оған өзіңіз бір мерзімді бекітесіз де, соны орындауға кірісесіз. Орташа және ұзақ мерзімді мақсаттар да болады. Қысқа деп үш жылға дейінгі уақыт аралығын қажет ететіндерін айтамыз. Ал үш жылдан он жылға дейінгісін орташа дейді. Он жылдан асатын мерзімді қамтыса, ол ұзақ мерзімді жоспар деген сөз.

Жоспар қалай жасалады?

Негізі қаржылық мақсатты жоспарға айналдыру оп-оңай. Бар болғаны мына төрт қадамды жасасаңыз, жетіп жатыр:

  1. Мақсатыңыздың құны қанша? Белгілеп алыңыз.
  2. Қазіргі қаржылық жағдайыңыз қандай? Қолда бар қаражатты есептеп, кіріс пен шығынды шегелеп алыңыз. Сонда арманыңызды іске асыру үшін қанша ақша керегі, оған айына қаншадан жинап отыруыңыз қажет екені белгілі болады. Әр адамның қоры болуы керек. Яғни әлдебір жағдай бола қалса, 2-3 айда қамсыз өмір сүруге жететіндей сома жинақта болғаны жөн. Қаржылық жағдайды есептегенде осы қорды есепке алмайсыз. Өйткені оның өз мақсаты бар. Егер қорыңыз болмаса, онда алдымен соны жинап алыңыз. Содан кейін барып басқа мақсаттарды іске асыруға көшесіз. Одан кейін ай сайынғы шығындарды есептеңіз. Кемінде кейінгі жарты жылдағы бюджетке ревизия жасап шығасыз. Бір жылдық табыс пен шығынды есепке алсаңыз, тіпті жақсы. Банктердің мобайл қолданбаларынан мұндай статистиканы қарап алуға болады. 
  3. Мерзім бекітіңіз. Мақсатыңыздың орындалатын уақыт аралығы міндетті түрде болуы қажет.
  4. Өзіңіз бекіткен мерзімде орындау қиынға соғатынын білсеңіз, онда мүмкіндіктеріңізді тағы бір қарап шығыңыз. Аяқ-асты бір ғажайып бола қалса деп бос қиялға берілмеңіз. Әрине, ондай күтпеген дүниелер болуы мүмкін. Дегенмен оның әсері оң болатындықтан, жоспарға оны қоспаймыз. Бізге шынайы жағдайды есепке алу қажет. Сондықтан сома мен мерзімге көңіліңіз толмаса, онда қайта қарастыруыңызға тура келеді. Бәлкім, мерзімді ұзартасыз, болмаса мақсатыңызға керек қаражатты қысқартарсыз. Шығынды азайтып, табысты арттыру деген де жолдар бар. Оны әркім өз жағдайына қарай бағалап отырып анықтайды.

Пайдалы кеңестер

Табысты арттыру үшін инвестиция жасауды үйренгеніңіз абзал. Мысалы сіздің мақсатыңызды іске асыруға жарты жылдан көп уақыт керек делік. Ондайда инфляцияны ескере отырып, қолма-қол ақшалай сақтаудың тиімсіз екенін түсінеміз. Бізге ақшаның құны түскені емес, қайта көбейгені қажет. Сондықтан құны шамалас не одан да көп болатындай құралдарды қолданамыз. Үш жылға дейінгі мерзімді қажет ететін мақсаттарға жинақ шоттары, облигациялар, инвестициялық қорлар жақсырақ келеді. Ал мақсатыңызға одан ұзағырақ уақыт керек болса, онда тәуекелі алдыңғылардан жоғарырақ құралдарды қолдансаңыз болады. Өйткені асықпайтындықтан, алдағы уақытта жағдай қалыпқа келіп, шарықтап кетуі де мүмкін. Бұл қатарға жылдам өсетін акциялар, pre-IPO не криптовалюта секілді құралдарды жатқызамыз. 

Қалтада — қаражат, сізде жүйке жақсы сақталуы үшін құнды қағаздарды сатып алғанды ескеру керек тұстар бар. Соның бірнешеуін назарыңызға ұсынамыз: 

  • Құралдарды әртараптандыру керек. Мысалы компаниялар, салалар мен елдер бойынша диверсификация жасаңыз. Барлығын бір жерге сала берген дұрыс емес;
  • Қаншалықты тәуекелге бара алатын адамсыз? Соны анықтап алыңыз. Арнайы тестілер жасап, соған қарай бағыт алып, жылжысаңыз болады. Нарықта қандай жағдай болып жатса да, сол стратегияны ұстанып отырған жөн. Әйтпесе эмоцияға ерік беріп, неше түрлі қателікке бас ұруыңыз мүмкін. Кейде құнды қағаздарды саудалауға арналған қолданбалардағы «стоп-лосс» функциясын қосып қойған артық болмайды. Соның арқасында құнды қағаздар бағасы психологиялық шегінен төмен түскен кезде бірден автомат түрде сатылып кетеді. Сөйтіп активтен дер кезінде шығып үлгересіз; 
  • Өзіңіз түсінетін, білетін саладағы компанияларға ғана қаржы құйыңыз. Әсіресе, ұзақ мерзімге ойластырып отырған инвесторлар осыны ескергені жөн. Алысқа көз салып, ұзаққа жоспар жасаған кезде бизнес-процестері тұрақталған, көрсеткіші жақсы компаниялардың табысы арта береді. Ресми сайттарына жарияланған есептерді де шолып жүру керек. Ондай есепті компаниялар жылына бірнеше рет шығарып отырады. Осылайша бизнес-коэффициентерін есептеңіз. Сенімді компанияның коэффициенті мынадай болады: қазіргі өтімділік көрсеткіші — 1, жеке қаражатына қатысты қарызының қатынасы 1,5-2-ден көп емес, EBITDA-ға қатысты таза қарызының қатынасы 3-4-тен аспайды, қарыз қаражатының барлығының пайызын өтей алатындай болуы үшін пайыздық өтемі 1-ден жоғары болуы қажет.   

Кішкентай мақсаттан – үлкен мақсатқа

Егер сіз үлкен мақсат қоюға жүрексінетін болсаңыз, онда кішігірім мақсаттардан бастасаңыз болады. Өзіне сенімсіз адамдар, әдетте, жоспарлағанды жақсы көрмейді. «Аумалы-төкпелі өмірде өзгерістің болуы әп-сәтте» деп ағыспен жүзе бергенді жөн көретіндер бар. Ертең не болары белгісіз деп кейбірі қорға ақша жинаудың қажеті жоқ деп те ойлайды. Әлбетте, күні ертең не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан барлығы бекер болмас па екен деген қорқыныштың болуы да заңды. Әйтсе де, бүгінмен өмір сүріп, күнделікті тірліктерді басқару өз қолымызда. Соның арқасында тұрақтылық пайда болады. Егер түрлі ой мазалап, биік мақсаттар қоя алмай жүрсеңіз, онда тез орындалатын, аса ірі емес мақсаттардан бастап көруге кеңес береміз. Айталық, сіз бұрын-соңды қаржылық мақсат қойып, жоспар жасап көрмегенсіз. Онда бір-екі айда іске асатын мақсаттан бастаңыз. Мәселен:

  • Толық өтелуіне 300 мың теңге керек кредитті мерзімінен бұрын жауып тастаймын.
  • Еңбек демалысын теңізде өткізу үшін ақша жинап, алғышарт ретінде алдын-ала билет алып аламын.
  • Қор ретінде 50 мың теңгені жинап қоямын.