Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін Қытай маңызды стратегиялық серіктес деп мәлімдеді. Сонымен қатар Қазақстан энергетикалық ресурстарды сату және транзиттік хаб қызметін көрсету бойынша Қытайдың ауқымды серіктесі атана алады. Бір жағынан бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. ҚР философия, саясаттану және дінтану институтының сарапшысы Руслан Изимовпен осы тақырыпта сұхбат құрдық.
– Жақын перспективада Қазақстан мен Қытайдың транзиттік, экспорттық қарым-қатынасы қалай өзгереді деп ойлайсыз?
– Әлемде қазір ескі «ойын ережелері» күрт өзгеріп жатыр. Әдеттегі тәртіп трансформацияға түсуде. Тиісінше кез келген өзгеріс сияқты бұл да мүдделер қақтығысымен, жергілікті дау-дамаймен, тіпті соғыспен жалғасын тауып жатады. Біздің екі көршіміз әлемдегі жалғыз мықты держава АҚШ-пен жақсы қарым-қатынаста емес. Қытай мен АҚШ қатынасының ушығуы бүкіл саланы – экономика, технология, қаруландыру, қалыптасып келе жатқан әлемдік тәртіп үлгілерін толық қамтып отыр. Ал Ресей, өздерінің басылымдары айтып жатқандай «Украина территориясында НАТО мен Батысқа қарсы тұруда». Аталған факторлардың ықпалымен басқа өңірлерде де қақтығыс жағдайлары өрістеп келеді. Осыны ескере отырып, Қазақстан ірі әлемдік және аймақтық державалардың мүдделері арасында маневр жасауға тырысуда. Әлемде туындап жатқан ахуалдар Қазақстанның алдында жаңа мүмкіндіктер, тиісінше жаңа тәуекелдер туындатты. Украинадағы соғыс ескі транзиттік-транспорттық жобаларға жаңа импульс берді, ең бірінші кезекте Орта дәлізге (Транскаспий – ред.). Біздің тарапымыздан қозғалған жоба қазір Қытай үшін де тиімді болып отыр. Сондықтан соңғы екі жылда аталған бағыт бойынша жүк ағыны көлемі күрт өсім көрсетті.
Сонымен қатар өзінің екінші онжылдығына аяқ басқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер ашып жатыр. Былтыр күзде Президент Қытайға барып, «Бір белдеу, бір жол» 3-ші халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Сол сапарында бірқатар келісімдер жасасты, әсіресе, Транскаспий маршруты мүмкіндіктерін кеңейту жобасына ерекше назар аударамыз. Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы Транскаспий дәлізін дамыту бойынша жасалған екі үкіметаралық келісімнің нәтижесінде Орталық Азия елдері арқылы Қытайдан Еуропаға тауар жеткізу уақыты айтарлықтай қысқарады. Мемлекет басшысы ірі стратегиялық порттар, логистикалық орталықтар және почта хабтарының серіктестік желілерін құруды ұсынды. «Тачэн-Аягөз» теміржол құрылысы жобасы бойынша меморандумға қол қою да – үлкен жетістік. Бұл еліміздің транспорттық-логистикалық потенциалын арттыруға жетелейді. Демек жақын арада Достық пен Алтынкөлдегі учаскелердің ізін ала екі ел шекарасында үшінші теміржол өткелі ашылады деген сөз.
Тоқаевтың Қытайға сапарындағы маңызды жағдай – Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданына баруы болды. Үрімшіге аялдауы бекер емес. Өйткені Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы осы Шыңжаң өлкесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл өлкеге екі ел арасындағы сауда-саттықтың 40 пайызы тиесілі. Еліміздің автономиялық ауданмен тауар айналымы 8,5 млрд долларға жетіп отыр. Біздерді тек сауда емес, қаншама ғасырлар бойғы тарихи, мәдени қатынастар байланыстырады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Шыңжан арасында байқалып отырған тікелей байланыстардың нығаюы өзара мәдени-гуманитарлық алмасу үшін қолайлы жағдайларды қалпына келтіруге, соның ішінде өнер қайраткерлерінің өзара сапарын, шекаралық сауда мен туристік ағынды ұйымдастыруға көмектесуі мүмкін.
– Қытай Орталық Азияның дамуы мен өркендеуіне неліктен мүдделі болуы мүмкін? Тек энергетикалық байлық үшін бе? Қытайдың сыртқы саясатындағы Қазақстанның орны қандай?
– Қытайдың сыртқы саяси басымдықтары иерархиясында Қазақстан мен Орталық Азия елдері негізгі орындарға ие емес. Біз Қытай үшін үшінші дәрежелі мәндеміз. ҚХР үшін дәстүрлі маңызды серіктестер қатарында ЕО, АҚШ, Шығыс және Оңтүстік Азия, Ресей және басқалар бар. Бірақ бұл Қытай Орталық Азияда белсенді саясат жүргізбейді дегенді білдірмейді. Қытай үшін біздің өңірдің басты құндылығы әрқашан қауіпсіздік факторы болған. Ол әрі қарай да Орталық Азиядағы Қытай саясатының басым бағыты болып қала береді.
Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы
– Геосаяси жағдайлар фонында Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы өзгеріске ұшырауы мүмкін бе?
– Украинадағы соғыстың және Батыстың Ресей экономикасына қарсы санкциясы салдарының әсерінен айтарлықтай өзгерістерге ұшырап та үлгерді. Жаңа жағдайларда Қытай жағы іргелес аумақтардағы ықпалын одан әрі күшейту үшін белсенді қадамдар жасай бастады. Бұл бойынша ОА елдері Бейжіңнің жаңа жобасының қатысушылары атанады. Былтыр мамырда Қытай билігі Мемлекет басшыларының қатысуымен тұңғыш Қытай-Орталық Азия саммитін өткізді. ОА-дағы Бейжің белсенділігінің артуы келесі факторлармен байланысты:
Біріншіден, Украинадағы соғыстың салдары. Қытай соғыстың жүз пайыз бенефициарына айналмады. Әлемнің басқа елдерімен бірге жаңа қиындықтар мен үлкен экономикалық шығындарға тап болды. Пандемия кезінде бұзылған жеткізу тізбектері соғыс салдарынан одан әрі пышырап кетті. Ресей және Шығыс Еуропаның бірқатар елінің территориясы арқылы өтетін жүк жеткізудің солтүстік маршруты ішінара жұмыс істемей қалды.
Екіншіден, Қытай мен АҚШ аркасындағы қайшылықтың ұлғаюы салдарынан тауарларды экспорттап, импорттайтын теңіз жолдары әлсіз әрі қауіпті бола түсті. Теңізде немесе Тайвань айналасында гипотетикалық қақтығыс болған жағдайда, АҚШ пен оның одақтастары теңіз жолының осал жерлерін жауып тастауға қабілетті. Бұл Қытай экономикасы үшін апатты нәтижелерге әкеледі. Бұл жағдайда Орталық Азия, Каспий теңізі елдерінің аумағы арқылы өтетін және Еуропа елдерімен байланысатын Транскаспий дәлізінің маңыздылығы ерекше стратегиялық мәнге ие болады. Айта кету керек, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы 10 жыл бұрын теңіз жолдарына балама ретінде, құрлықтағы Жібек жолын жандандыру мақсатында басталды. Содан бері өңірде көп нәрсе өзгерді. Бір жағынан, Қытай бірқатар жобаны жүзеге асырды. Жаңа авто және теміржол магистралын салды; зауыттарды жаңғыртты; қытайлық мәдениет ықпалын кеңейтті. Алайда бұл шаралар ОА-да тиісті эффект бере алмады. Әрі өңірдегі талас-тартыс күшейді.
Ресей үшін де ОА – өз ықпалын сақтап тұрған жалғыз өңір. Мәскеу саяси, экономикалық және мәдени тетіктерді қолдана отырып, ОА елдерін өзіне тартуға тырысып жатыр. Өңір республикалары көшбасшыларының Мәскеуге Жеңіс шеруіне сапары немесе ТМД-ның бейресми саммитіне міндетті сапарлары айтқанымызды айғақтайды. Сонымен бірге, Ресей тарапынан төнуі мүмкін гипотетикалық қатерді де есептен шығарып тастауға болмайды. Соғысқа және оның салдарына қарамастан, Ресей негізгі сыртқы сауда серіктес болып қала береді. Айналымы өсіп жатыр. Саяси және қауіпсіздік саласында Ресей әлі де ОА елдерінің маңызды серіктесі.
Украинадағы соғыс фонында АҚШ және жалпы батыс елдері жаңа көмек бағдарламаларын жасау, қоғамдық пікірталасты ынталандыру жолымен үкіметтік емес секторды, жергілікті азаматтық қауымдастықты жаңа күшпен қолдауға кірісті. Өңірдегі ұлттық бірегейлікті нығайтуға қолдау көрсету арқылы батыс отарсыздандыру, Ресейден және кеңестік дәуірден алшақтау процесін жеделдетіп жатыр. Сонымен бірге, батыс, әрине, жергілікті қоғамдағы демократияландыру процестерін алға тартады. Бұл ішінара Қытайдың мүддесіне де әсер етеді.
Ақырында, Орталық Азия елдерінде дағдарыстық құбылыстар пайда бола бастады. Орталық Азияның барлық дерлік елдерінде болған саяси толқулар жергілікті саяси режимдердің тұрақтылығы туралы иллюзияны жойды. Жаппай наразылық акциялары мен мемлекеттік төңкерістер қытайлық инвестицияларға, тіпті қытай азаматтарына қауіп төндірді.
Менің ойымша, осы факторлардың барлығы Орталық Азиядағы Қытай саясатының күрт жандануына себеп болды. Әсіресе, қытайдың аймақтағы әрбір елмен екіжақты келісімі, сондай-ақ Қытай+ОА жаңа форматы әлі де табысты болып отыр. Осы механизмнің арқасында Қытай үш онжылдықта алғаш рет өзіне қажетті күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік алады, оған енді басқа аймақтық және жаһандық ойыншылар қатыспайды.
Ынтымақтастық үшін ең басым бағыттарға келетін болсақ, жаңа 5+1 форматы саяси мәселелерге шоғырланатыны анық. Өздеріңіз білетіндей, биыл 10 жасқа толатын «Бір белдеу, бір жол» бастамасы геоэкономикалық байланыстарға жауап береді. Ол қазірдің өзінде тиімділігін көрсетті. Мәселен, өткен кезеңде ондаған жаңа жобаларды іске асырудың арқасында Қытай Орталық Азия республикаларының экономикасындағы өз позициясын айтарлықтай нығайтты.
Алайда оның өңірдегі экономикалық мүмкіндіктері ешқашан саяси тұтқаларға айналмады. Нәтижесінде, Орталық Азиядағы дағдарыстық жағдайлар кезінде (Қазақстандағы қаңтар, Қарақалпақстандағы толқулар, Қырғызстан мен Таулы-Бадахшан облысындағы ішкі саяси сілкіністер) Қытай тарапы жағдайға әсер ете алмады. Тиісінше, жаңа 5+1 форматы Бейжіңнің Орталық Азиядағы саяси ықпалын сапалы күшейтуге бағытталған деп болжауға болады.
– Қытай мен Тайвань арасындағы дау-дамай әлі басылған жоқ. Халықаралық эксперттердің болжауынша, егер Тайваньда Қытай тарапынан эскалация басталса, онда ҚХР батыс санкцияларының астында қалған Ресейдің күйін кешуі мүмкін. Егер осындай жағдай болса, бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етпек?
– Маңызды серіктесіміздің дау-жанжалдың бір тарапына айналуы өңір елдері үшін қандай әсер тудыратынын Украинадағы соғыс көрсетіп берді. Бұл контексте сарапшылар Тайваньдағы қақтығысты болжайды. Ресейдің Қытайға деген тәуелділігінің артуының өзі аз тосынсый әкелмейді. Бір жағынан, Қытаймен әр салада қатынасымызды нығайта отырып бұл жақындасудың өзіндік бағасы мен салдары болатынын да ұмытпауымыз керек. Халықаралық аренада Қытай АҚШ-қа қарсы тұрып жатыр. Бұрынғы жылдары Бейжің қолданыстағы әлемдік тәртіпке икемделуге тырысса, қазір альтернативті бет-бейнесін қалыптастыруға күш салуда. Қытай тарапының пікірінше, «ережеге негізделген тәртіп» тең тәртіп емес. Ол батыстық емес елдердің мүддесін ескермейді. Сол себепті Қытай біртіндеп өзінің тәртібін қалыптастырып жатыр. Басқаша айтқанда, біз қазірдің өзінде гегемон ретінде АҚШ қалып отырған биполярлы немесе қосполюсті әлемге кіріп жатыр. Ал Қытай толыққанды «күш орталығын» көрсетіп, өзіндік әлемдік құрылғы моделін ұсынып отыр. Қазақстан секілді шағын және орта елдер, ОА елдері бұл полюстің ортаңғы шебінде. Бізде, әрине, бір кездері полюстердің бірі болған Ресейдің ықпалы әлі де күшті.
Ресейдің өзіндік көзқарасы бар және Мәскеу қазіргі күннің реалиясына бейімделуге құлықты емес. Бізге сонда қайда бару керек? Қай тарапты таңдаймыз? Ең дұрысы – ешқандай тарапты да таңдамай, көпвекторлы теңдестірілген саясатты жалғастыра беру. Егер экономика бойынша барлық мүдделі тараптармен серіктестікті жалғастырсақ, саяси ынтымақтастықты жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Өйткені автократиялық режимдермен тығыз байланыс немесе интеграциялық құрылым бізді түптің түбінде таңдау жасауға мәжбүр етеді. Серіктестер өздерін қолдауды талап етеді, ең сорақысы қақтығыс әрекеттеріне тартуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан өзінің сыртқы байланыстарын максималды деңгейде әртараптандыруы тиіс. Сәйкесінше, белгілі бір маневрлар жасауымыз үшін әзірге алаңдар бар.
Ал Тайвань төңірегінде спекуляция көп. Бұл түсінікті де. Қалай болғанда да, егер Тайваньда нақты қақтығыс басталса, онда оның Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін салдары Ресейдің Украинадағы соғысының зардаптарынан әлдеқайда ауқымды болады.
Қытайға деген көзқарас
– Рас, біздің елде синофобия бар және оны жоққа шығаруға қанша тырыссақ та, фобияның бұл түрі қала беретін сияқты. Алып көршіміздің болуы, оның алып экономикасы, олардың бізге ағылуы, тек Орталық Азияда ғана емес, әлемнің әр бөлігінде де үлесінің артуы белгілі бір қауіп тудырады. Бірақ ішкі иммунитет болуы керек. Түрлі фобияларға қарсы тұра алатын ұлттық иммунитетті қалай қалыптастыра аламыз?
– Қытайды қабылдау мәселесі бүгінде жақсы зерттелген тақырыптардың бірі. Қазақстанда, Қырғызстанда және ішінара Өзбекстанда Қытайға, қытайлық инвестицияларға қатысты әлеуметтік сауалнамалар жүргізілуде. Аймақ елдерінде Қытайға деген көзқарас әртүрлі. Орталық Азияның бірнеше елі үшін жұмыс істейтін бірыңғай формула жоқ. Мысалы, Қазақстанда Қытайға, Қытай инвестициясына және қытай мәдениетіне деген дәстүрлі сақтану көзқарасы бар. Мұның өзіндік тарихи алғышарттары, сонымен қатар қазіргі заманғы себептері бар. Фобиялардан, оның ішінде Қытайға қатысты иммунитетті қалыптастыру үшін қоғамның ҚХР-мен ынтымақтастыққа қатысты ақпаратқа қол жеткізуі, белгілі бір ірі жобаларды талқылауға қатысуы маңызды.
Ойыншылар қазір Қытайға қатысты тежелу тактикасын ұстанады. АҚШ, ЕО және Шығыс Азия елдері секілді ірі ойыншылардың өзі Қытай өсімінен қорқады және сауда соғысы құралдары, протекционизм және технологияға қолжетімділікті шектеу сияқты әрекеттер көмегімен тежеуге талпынады. Олар Қытайдан толық оқшауланудың мүмкін емес екенін баяғыда түсінген. Сондықтан «декаплинг» деп аталатын процесс жаппай емес, дәлірек бола түсті. Жақында де-рискинг термині, яғни тәуекелдердің төмендеуі көбірек қолданыла бастады. Біз де сол тактикаға көшуіміз керек – яғни, сондай саясатты тәуекел бар барлық жерде жүргізу, тиісінше бірлесіп дамытуға болатын ынтымақтастық мүмкіндіктерін ашу. Бірақ тым сезімтал салаларды анықтап, бағдарлап алған артық етпейді. Мысалы, АҚШ Қытаймен «De-risking» (тәуекелді жою) туралы сөйлескенде, бұл «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды озық технологиялардың тар жиынтығын қорғау» дегенді білдіреді – «әскери тепе-теңдікті өзгерте алатын технологияларға» көп көңіл бөлінеді.
Біздің жағдайда мұндай бағыттарды анықтауға болады. Мәселен, өткен жылдардағы оқиғалар көрсеткендей, Қытайға жерді жалға беру мәселесі қоғамда өткір, радикалды реакция тудырды. Тиісінше, бұл аймаққа қызыл сызықтар енгізу керек. Осылайша, барлық басқа сезімтал секторларды анықтайық. Бұған уран активтерін сатуға тыйым салу, Қытайдың жеке әскери және қауіпсіздік компанияларына рұқсат бермеу және басқа мәселелер кіреді.
Тәуекелді төмендету шарасы меморгандарымыздың қызметіне де қатысты болуы керек. Мәселен, кәсіпорын, инвестор және келісім туралы ақпаратты жалпыға қолжетімді ету; Өркениетті қоғамдағы әдет бойынша белгілі бір жобаны талқылауға жергілікті тұрғындарды тарту; Сайып келгенде, қоғам да Қытаймен ынтымақтастықтың пайдасын бағалай алады.
Эксперттер Қытаймен энергетикалық салаға қатысты жасалған келісімдерге алаңдаушылық білдіріп жатады. Бұл бір жағынан қол қойылған инвестициялық келісімдердің одан арғы тағдыры туралы ақпараттарды табудың қиындығымен де байланысты. Мысалы, нарықта қытайлық көліктердің күрт көбеюі де біраз татымды ақпаратты талап етеді. Бейжіңде Astana Motors и BYD Auto Industry Co.Ltd. арасында дистрибьюторлық келісімге қол қойылды. Саланың дамуына қарай осы электромобильдерді, микрочиптерді және басқа да жоғары технологиялық өнімдерді әзірлеу үшін, таптырмас шикізатқа айналатын қазақстандық металдарға қол жеткізу үшін бәсекелестік өсіп жатыр. Мұндайда мемлекеттік органдарға сергектік танытып, қажет ақпаратты ұдайы таратуы тиіс.
Көпвекторлы курсты ұстанатын Қазақстан үшін Қытай маңызды сыртқы саяси серіктес болып қала береді.
АЭС салудағы қытайлық тәжірибе
– АЭС салуға талаптанып отырғанымыз белгілі. Бұл орайда да Қытай тәжірибесі мол. Оларда бірнеше АЭС жұмыс істеп тұр. Қазақстандық АЭС құрылысына қытайлық компаниялардың қатысуын қалай бағалайсыз?
– АЭС Қытайдың жалпы энергетикасының 5 пайызын алады. Жалпы қуаттылығы 57 ГВт болатын 55 атомдық энергоблок жұмыс істейді. Қуаттылығы 27,8 ГВт болатын 24 энергоблок салынып жатыр. 79 энергоблок құрылыс және пайдалануға беру кезеңінде. Осы көрсеткіш бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Олар энергетикадағы АЭС үлесін 2035 жылы 10 пайызға жеткізуге ниетті.
Иә, Қытайда басқа елдерде АЭС салу тәжірибесі бар. Жақында Қытай атом энергетикасы бас корпорациясы (China General Nuclear Power Group, CGN) Ұлыбританияда АЭС құрылысын жүргізуге лицензия алды. Ал біздегіні басқа қытайлық компания – Қытай ұлттық ядролық корпорациясы (CNNC) салғысы келіп отыр. Бұл компанияның да басқа елдерде құрылыс салу бойынша бай тәжірибесі бар.
Қазақстан экономикасындағы қытайлық инвестиция
– Отандық мұнай секторындағы қытайлық компаниялар үлесі жоғары емес (басқа америкалық, шетелдік компаниялармен салыстырғанда). Олар жұмыс істейтін кен орындарындағы өндіріс деңгейі жыл сайын төмендеп жатыр. Қытайлық инвесторлардың біздің энергетикадағы үлесі күрт азаюы мүмкін бе?
– Статистика соңғы 8-10 жылда Қытайдан Қазақстанның мұнай секторына салынған инвестицияның азайғанын көрсетеді. Бірақ мұнда кейбір қытайлық инвесторлар, басқа шетелдік компаниялар сияқты, қазақстандық жобалардың инвесторлары рөлін атқаратын еншілес компанияларды құра отырып, басқа елдердің юрисдикцияларын пайдалануды жөн көретінін ескеру қажет. Нәтижесінде, мәселен Нидерланды Қазақстан экономикасына инвестиция құюшылар тізімінде көш бастап шыға келеді. Бұл туралы Вячаслав Додонов егжей-тегжейлі жазды. Егер біз тек мұнай секторымен шектелмей, Қазақстанның жалпы энергетикасы туралы айтар болсақ, онда Қытай үлесінің күрт төмендеуі күтілмейді. 2013 жылы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы іске асырыла бастағалы бері Қытай экономикамыздың түрлі секторына инвестиция құя бастады. Нәтижесінде жасыл жобалар, гидроэнергетика, уран саласындағы байланыстарды тереңдету сияқты секторлар серпін алды. 2023 жылы Қазақстан Қытайға рекордты көлемде уран жіберген.
Жаһандық ойыншылар арасындағы геосаяси қарама-қайшылықтың күшеюі жағдайында Қытай энергия көздерін әртараптандыруға тырысады, әсіресе энергия көздерін импорттаудың транспорттық бағытына баса мән береді. Бұл тұрғыда Қазақстан мен Орталық Азия елдері Бейжің үшін стратегиялық қызығушылық тудырады. Шығыс көршіміз біздің республикада, оның ішінде энергетика секторында өзінің қатысуын арттыруға тырысады деп ойлаймын.