Қазақстанның халықаралық резервінің жеткіліктілік деңгейі 2020 жылдан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. 2023 жылдың соңында халықаралық резерв көлемі 36 млрд долларды құрады. Бұл Қазақстанның 6 айлық импортын жабуға жеткілікті. Halyk Finance сарапшылары еліміздің қоры көрші елдермен салыстырғанда біршама аз деп тұжырымдайды.
Резерв жеткіліктілігін бағалаудағы кең тараған көрсеткіштің бірі – олардың импорт айларына қатынасы. Бұл көрсеткіш сыртқы ағын (мысалы, экспорт кірісі және сыртқы қаржыландыру) тоқтаған жағдайда, импорттық төлем қызметі тұрақты болып қала беретін ай санын анықтайды. Бұл ретте тауарлар мен қызмет импортын кемінде үш ай жабуы жеткілікті саналады.
«2023 жылдың қорытындысында Қазақстан резервінің импортқа қатынасы 5,9, яғни 6 айға жуық уақытты құрады, бұл жалпы алғанда эталондық мәннен екі есе жоғары. Десе де, елдің көрсеткіштері өзге дамушы елдерден, әсіресе көршілес елдерден айтарлықтай артта қалды. Мысалы, Ресей үшін импортты резервтермен қамту деңгейі 16 айды, ал Өзбекстанда 11 айды құрайды. Бұл ретте Қазақстанда ең жоғары коэффициент 2016 жылы байқалды: 9,8 Одан кейін көрсеткіш төмендей бастап, 10 жыл бұрынғы көрсеткішіне қайтып келді», – деп жазады мамандар.
Сарапшылар Ұлттық қордан ірі көлемдегі қаражат алу есебінен теңге бағамының одан әрі нығайып, ал сыртқы шоттар қазірдің өзінде тапшылыққа тап болғанына алаңдайды.
«Түрлі сыртқы факторлар және бюджет пен төлем балансындағы түйткілдерді ескере отырып, әлеуетті тәуекелдер мен сын-қатерлерді жабу үшін уәкілетті органдар халықаралық резерв жай-күйін жүйелі түрде бағалап отырғаны жөн», – дейді мамандар.
Халықаралық резервтер (алтын-валюта резерві) – ҰБ қарамағында және бақылауындағы өтімділігі жоғары шетелдік активтер. Бұл резервтер әдетте шетел валютасын ұстау, арнайы қарыз алу құқығы, ХВҚ-дағы резервтік позиция және монетарлық алтыннан тұрады. Мемлекет оны төлем балансы тапшылығын қаржыландыру, ұлттық валютаның бағамын ұстап тұру, сыртқы мемлекеттік қарызды жабуға пайдаланады.
2023 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның халықаралық резерві $35,965 млн құраған. Ол соңғы 20 жылда экспорт көлемінің артуы мен экономикалық өсім есебінен өскен.
2024 жылдың қаңтарында Қазақ 706 млн долларға өскен. Шетел валютасындағы активтер 2024 жылғы қаңтарда 3,25%-ға өсіп, 17 млрд долларға жуықтады. Ал алтын түріндегі активтер 0,88%-ға немесе 19,7 млрд долларға дейін артты. Таза халықаралық резервтер 2,27%-ға өсіп, 34,67 млрд долларды құрады.