Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ға дейін төмендетті
Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін шығарды. ҰБ Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,75%-ға дейін 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.
2024 жылдың 19 қатарында шығарылған шешім бойынша ол 15,25 пайызды құраған.
Реттеуші бұл шешімін Қазақстандағы инфляциялық үрдістердің баяулауымен байланыстырады.
«Инфляциялық күтулер үш ай қатарынан баяулап келеді. Ал айлық инфляция орташа жылдық мәндерден жоғары қалыптасуда. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап күйде қалыптасып отыр. Бірқатар сауда-серіктес елдерде инфляция біршама қарқын алып, сыртқы инфляциялық қысым сәл күшейді. Әлемдік азық-түлік бағасында төмендеу үрдісі жалғасып, сыртқы инфляциялық жағдайға оң әсерін тигізіп отыр. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтана қоймаған инфляциялық күтулерге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр», – делінген ҰБ хабарламасында.
ҰБ қазіргі жағдайда ақша-кредит саясатын жұмсартуға мүмкіндік едәуір шектеулі екенін жазады.
«Инфляциялық факторларда қалыптасқан баланс, оның қазіргі (айлық) қарқынының динамикасы және фискалдық саясат параметрлеріндегі белгісіздік алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде базалық мөлшерлеменің бүгін қалыптасқан деңгейінде сақталу ықтималдығын арттырып отыр. Бұл ретте деректерді жинау, сондай-ақ экономикалық және фискалдық реформалардың іске асырылуын мониторингтеу қажет», – делінген хабарламада.
Жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтарда 9,5%-ға дейін баяулады. Бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді.
Бұған дейін қаржы нарығының сарапшылары базалық мөлшерлемені 0,5-1% төмендетуге мүмкіндік бар деп пікір білдірген еді. Halyk Finance сарапшылары базалық мөлшерлемені 50-100 базистік пунктіге төмендетіп, ақша-несие саясатын жеңілдетуге мүмкіндік бар екенін айтты.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда базалық мөлшерлемені тағы да төмендету керек деген.
Базалық мөлшерлеме қалай төмендеді?
Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді Ұлттық банк жылына 8 рет қабылдайды. 2023 жылы базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті.
Былтыр қаңтар-шілде аралығында шығарылған 5 шешімде де базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде сақталды. Тек, 25 тамыз күні негізгі ставка кейінгі үш жылда алғаш рет төмендетіліп, 16,50% мәнінде бекітілді.
2023 жылдың тамыз айында Ұлттық банк 2020 жылдан бері тек көтеріліп келген базалық мөлшерлемені 16.5%-ға дейін төмендетті.
6 қазан күні Қазақстан Ұлттық банкі кезекті шешімін жариялап, базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін азайтты. 24 қарашада базалық мөлшерлеме тағы да төмендеп, жылдық 15,75%-ды құрады.
2024 жылдың 19 қаңтарында шығарған шешімінде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 0,5%-ға төмендетіп, 15,25% деңгейінде бекітті.
Бас банк сол кезде бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның динамикасына және оның болжамды траекториясына қаншалықты сәйкес келеріне байланысты қабылданады деген.