Антикор ұстаған вице-министр Мансұр Ошурбаев тергеуге көмектесіп, қызметін жалғастырып жатыр

Жарияланды

Антикор ұстаған Экология вице-министрі қызметін жалғастырып жатыр/ФОТО:gov.kz

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалмаған. Ол жұмысында, қызметін жалғастырып жатыр. Бұл туралы Экология министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

«Тергеу аясында Мансұр Ошурбаевтың жұмыс кеңсесінен құжаттар алынды. Ол қазір іс бойынша куәгерлердің қатарында, тергеуге көмектесіп жатыр. Жұмыста, қызметте жүр», – деп жауап берді журналистерге Ерлан Нысанбаев сенат кулуарында.

2023 жылғы 1 маусымда Мансұр Ошурбаев Экология және табиғи ресурстар вице-министрі болып тағайындалды. 2024 жылғы 5 ақпанда БАҚ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Экология министрлігінің қызметкерлерін ұстап, сотқа дейінгі тергеу жұмысын бастағанын жазды. Ұсталғандардың арасында Экология вице-министрі бар екені мәлімделді.  

Мансұр ОшурбаевЭкология және табиғи ресурстары министрлігінің араласуымен Дубайда өткен көрмеде заңға қайшы әрекетке барды деген күдікке ілінді.  

Мансұр Ошурбаев қандай қызмет атқарды?

Үкімет қаулысымен Мансұр Тұрсынұлы Ошурбаев 2023 жылғы 1 маусымда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Мансұр Ошурбаев 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, «Тұран-Астана» университетін бітірген.

Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде жетекші маман болып бастаған.

2010-2014 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде әртүрлі қызметтерде жұмыс істеді.

2014-2016 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Астана қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары.

2016-2017 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары.

2017-2019 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Астана қаласы бойынша экология департаментінің басшысы.

2019 жылғы қараша айынан бастап қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры болған.

Сондай-ақ оқыңыз