Ресей 3 жылу электр орталығын салып бергені үшін Қазақстаннан қанша ақша алады?

Жарияланды
Ресей 3 жылу электр орталығын салып бергені үшін Қазақстаннан қанша ақша алады?Аскар Ахметуллин, shutterstock и interrao.ru

Ресей 3 жылу электр орталығын салып бергені үшін Қазақстаннан қанша ақша алады? Бұл сұраққа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев нақты жауап бере алмады.  

Министр жылу электр орталықтары Ресейдің қаржысына салынатынын, Қазақстан Ресейге қанша төлейтіні әзірше белгісіз екенін мәлімдеді.

Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан тарапынан жобаға «Самұрық-Энерго» АҚ қатысатынын атап өтті. Алайда ол «Самұрық-Энерго» АҚ жылу электр станцияларының жарғылық капиталына салатын қаражатты қайдан алатынын айта алмады.

Журналистердің: «қаражат бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынуы мүмкін бе?» – деген сұрағы жауапсыз қалды.

«Қазақстанның энергетика саласындағы өзекті мәселелерді ескерсек, біз шынымен электр энергиясының жаңа көзіне мұқтажбыз. Инвестиция Ресейден болады. Несиенің өзі Ресей бюджетінен субсидияланады. Олар ЖЭО капиталын қалыптастыруға үлес қосады. Кәсіпорындар өзін-өзі ақтауы үшін Қазақстан өндірілген электр энергиясын сатып алады. Оны өзіміздің  кәсіпорындар тұтынады», – деді Энергетика министрі

Алмасадам Сәтқалиев «Интер РАО» компаниясы Қазақстандағы ЖЭО жобасына ұзақ уақыт қатысуды көксемейтінін жеткізді.

«Бұл Қазақстан мен «ИнтерРАО» арасындағы бірлескен кәсіпорын. «ИнтерРАО» жобада ұзақ болуды жоспарлап отырған жоқ. Мұнда түрлі опциялар қарастырылады: жобаға қатысу немесе ЕРС келісімшарты. Бұл – «ИнтерРАО» мен «Самұрық-Энерго» арасындағы корпоративтік шарттың мәні. Бақылау пакеті «Самұрық-Энерго» компаниясында болады», – деді Энергетика министрі.

Дегенмен «ИнтерРАО» «Самұрық-Энерго» компаниясымен бірлескен кәсіпорыннан үлес алып отырады.

Алмасадам Сәтқалиев айтуынша, алдағы 3-5 жылда станциялардың тозған инфрақұрылымын жаңарту үшін елдегі жылу электр орталықтарының тарифі жыл сайын шамамен 15%-ға дейін көтеріледі.

Естеріңізге салайық, Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир ПутиниРесей Қазақстанға 3 жылу электр орталығы салады деп келісті. Сол кезде жаңа жылу электр станциялары көмірден қуат алатыны айтылды. Бұған дейін, 2027 жылға қарай Көкшетауда қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО салынатыны хабарланды.  Кейін Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салуға 2 рет тендер жариялағанын, алайда бірде-бір инвестор өтінім бермегенін жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз