Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», – деп жазылған хабарламада.
Заңның негізгі мақсаты – білім беру саласындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Құжатта орта білім беру ұйымдарында смартфон пайдалану ережелерін бекіту қарастырылған.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты екенін айтқан. Сонымен қатар баланың ұялы телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алатынын айтқан.
Сондай-ақ, заңда тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау бар. Бұған қоса балабақшаларда бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу сынды қадамдар ұсынылған.
Еске сала кетсек, 1 ақпанда Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.
Смартфон сынды құрылғыларды шектеуге қатысты Заңның қабылдануына Парламент депутаттары бастамашы болды.
Еске сала кетсек, Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев еліміздегі білім сапасының нашарлап кеткенін айтқан. Оның айтуынша, әсіресе, балаларда оқу сауаттылығы төмен деңгейде.
Сенат төрағасының пайымында, еліміздегі мектеп оқушыларының білім нәтижелері басқа елдермен салыстырғанда 3 жылға артта қалған.
«2023 жылдың желтоқсан айында PISA-2022 білім сапасын халықаралық бағалаудың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) бойынша нәтижелерін алдық. Сонда байқағанымыз біздің мектеп оқушыларымыздың нәтижелерінің өсу динамикасы көңіл көншітпейді. Тіпті кей салаларда жағдайдың тым нашарлап кеткенін көруге болады. Әсіресе, оқу сауаттылығының жағдайы ерекше алаңдатады. Оның үстіне біздің мектеп оқушылары ЭЫДҰ елдеріндегі құрдастарынан үш жылға артта қалып қойған. Бір қарағанда оқу сауаттылығы сондай маңызды дүние емес секілді. Бірақ бұл – жүйелік проблемаларды көрсетеді», – деген еді Әшімбаев.