«Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салуға қанша қаражат жұмсалады – Энергетика министрі жауап берді
Қазақстанды газдандыруға осы жылы 90,4 млрд теңге бөлінген. Бұл жайлы Сенатта өткен жиында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Министр 2030 жылға қарай халықты газдандыру деңгейін 65%-ға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты газдандыру деңгейі 60%-ды құрап, 12 млн адам газға қол жеткізген.
«Ал осы жылы газдандыруды жалғастыруға 90,4 млрд теңге бөлінді, бұл 244 мың адамды газбен қамтамасыз етуге немесе газдандыру деңгейін 61,1%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді»,– деді министр.
Сонымен біге министр іске асырылып ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырылу барысына тоқталып өтті. Бұл жобалар:
- «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салу (жылына 15 млрд м3);
- «Ақтөбе-Қостанай» магистральдық газ құбырын салу (жылына 4,1 млрд. м3);
- «Сарыарқа» МГ 2, 3, 4 кезеңдерін салу (жылына 1,7 млрд. м3);
- «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу (жылына 385 млн. м3).
Соның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісін салуға 2,7 трлн теңге, «Ақтөбе-Қостанай» магистральдық газ құбырын салуға 548 млрд теңге, «Сарыарқа» МГ 2, 3, 4 кезеңдерін салуға – 224 млрд теңге, «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салуға – 131,7 млрд теңге жұмсалады.
Бұл жобаларды іске асыру үшін сыртқы инвестицияларды тарту жоспарланып отыр. Бұл газ құбырының екі бағыты бойынша инвестор табылды.
«Мемлекет басшысының жақында Қатарға жасаған сапары барысында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» және «Ақтөбе-Қостанай» 2-ші желісін салу жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру бойынша қатарлық инвесторлармен (Power International Holding) келісімдерге қол қойылды»,– деді министр.
Жаңартылған энергия көздері
Сонымен бірге Сәтқалиев Жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) қатысты елде атқарылатын жобалар жөнінде айтты.
«Әлемде тоғызыншы орын алатын алаңы бар Қазақстан Республикасы жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Елдің кең аумақтары жел, күн және гидроэнергетиканы дамытудың, заманауи технологияларды енгізудің және орнықты дамудың жоғары әлеуетіне ие. Таяу уақытта республикада жел генерациясын дамыту бойынша әлемде көшбасшы позицияға ие болудың барлық мүмкіндіктері бар», – деді министр.
Сәтқалиев бұл орайда жел генерациясының тұрақты екенін айтты. Сонымен бірге оны елдің бүкіл аумағы бойынша біркелкі бөлуге мүмкіндік бар. Бұл түпкі тұтынушылар үшін тарифтердің өсуіне айтарлықтай әсер етпейтінін айтты.
Сонымен бірге Қазақстанның ауа райы жел электр станцияларын салу үшін қолайлы. Елдің көптеген аумағында жылдамдығы 5 м/с-тан асатын жел дәліздері бар. Министр бұл жылдамдықтың жел турбиналарының жұмыс істеуіне жеткілікті екенін айтады.
«Сараптамалық бағалаулар бойынша Қазақстандағы жел энергетикасының энергетикалық әлеуеті жылына кемінде 920 млрд. кВт/сағ құрайды. Бұл ретте, Каспий өңірі, оңтүстік өңір, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасы жел энергиясының ең жоғары әлеуетіне ие»,– дейді Сәтқалиев.
Сондай-ақ ведомство басшысы күн энергиясының әлеуетіне де тоқталып өтті. Оңтүстік аймақтарда күн энергиясын дамыту жөнінен Қазақстанның әлеуеті жағынан әлемдегі ең шуақты елдермен бәсекеге қабілетті бола алатынын жеткізді. Оңтүстік өңірлерде бұл энергия көзі бойынша жылына шамамен 2200-3000 күн сағаты көлемінде энергия алуға болады. Күн генерациясын орналастыруға ең қолайлы жерлер Арал өңірі мен Қазақстанның оңтүстік облыстары.