Екі рет қайталанды: Алматыда сейсмикалық оқу-жаттығу кезінде 2 балдық жер сілкінісі болды

Жарияланды
2 балдық жер сілкінісі
Алматыда 2 балдық жер сілкінісі тіркелді / Фото: shutterstock

Алматыда бүгін сағат 10.08-де 2 балдық жер сілкінісі болды. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР ТЖМ «Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 23 ақпанда 10 сағ.08 мин.33 сек. жер сілкінісі тіркелді»,– делінген министрлік хабарламасында.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 259 км жерде , Қытай аумағында орналасқан. Сейсмологтардың мәлімдеуінше бұл – афтершок. Жер сілкінісінің қуаты Алматы қаласында 2 балды құраған.

  • Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 11,8.
  • Магнитудасы – 5.2 MPV.
  • Жер сілкінісінің координаталары – солтүстік-батыс 41,25°. 78,63°Ш.
  • Тереңдігі 5 км.

Зардап шеккендер мен қиратулар туралы ақпарат тіркелген. Жағдай тұрақты екенін хабарлаған ТЖМ азаматтарға сабыр сақтап, дүрбелеңге берілмеуге кеңес берді.

ТЖМ-нің бұлайша халықты сабырға шақыруының себебі бар. Өйткені бұл жер сілкінісі қаладағы сейсмикалық оқу-жаттығумен дөп түсті. Қалалық ТЖД жер сілкінісіне дайындау мақсатында сағат 10-да оқу-жаттығу жүргізген болатын. Жалпықалалық сейсмикалық дайындық кезінде дабыл қосылып, теле-радио арналардан хабарландыру берілді.

Орташа есеппен алғанда Алматы қаласында жыл сайын 200-ге жуық жер сілкінісі болады. Қаланың өзі де 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан.

Мұндай жер сілкінісі бір күн бұрын да болды. Жер сілкінісі 22 ақпан түнгі сағат 00:25 шамасында тіркелді. Сейсмологтар бұл қаңтарда болған жер сілкінісінен кейінгі афтершок екенін айтады. Оның да эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 260 шақырым жерде Қытай Халық Республикасы аумағында орналасқан. 

Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінген болатын. ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді. 

Сондай-ақ оқыңыз