Инвестиция саласында жасанды интеллект қалай қолданылып жүр?

Жарияланды

Жасанды интеллект кейінгі жылдары қоғамдағы түгел дерлік салада қолданылатын құрал болып кетті. Оның ішінде қаржы саласында алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізілді. Алдағы уақытта бұл тренд жалғаса беретін сыңайлы. Дегенмен AI-ға қаншалықты сенуге болады? Оның артықшылықтары қандай? Нендей қауіп төндіруі мүмкін? Қазір пайдаланылып жүрген технологиялар қалай жұмыс істейді? Осы тақырыпқа шолу әзірледік.

Машинаны үйрететін және нейрон желілерінің алгоритмдерін қолдана отырып компаниялар нарықтағы трендтерге болжам жасап, шешім қабылдағанда тәуекелдерді таразылайды. Бұл тұрғыдан қарағанда жасанды интеллектінің әжептәуір көмекші екенін білуге болады. Әйтсе де, саладағы сарапшылар қауіптің де жоқ емесін айтып, дабыл қағады. Соның ішінде роботтар болашақта адамдардың орнын басып, жұмыс орындарын жоқ қылады деген болжам жиі айтылады. Аталған тақырыпта «Жасанды интеллект еңбек нарығына қалай әсер етуі мүмкін?» деген материалымызда жазғанбыз. Бүгін қаржы және инвестиция саласы мен жасанды интеллектінің қалай біте қайнасып жатқанына тоқталамыз.   

Қаржы және AI: артықшылықтары қандай?

Ақша бар жерде тәуекел де, қауіп-қатер де бар. Дегенмен алдымен жасанды интеллектінің артықшылықтарын тізбектеп шығайық.

  • Болжам жасау жеңілдейді. Өйткені жасанды интеллектін қолдана отырып, өте үлкен көлемдегі деректермен жеңіл жұмыс істеп, анализ жасауға мүмкіндік туады. Сол арқылы нарықтағы ахуалға қатысты болжам жасап, тенденцияны бақылауда ұстаймыз. Әсіресе инвесторларға шешім қабылдаған кезде қатты көмектеседі. Себебі жасанды интеллектінің арқасында қауіптерді мейлінше азайтуға болады.
  • Жұмыс жемістірек бола түседі. Олай болатын себебі жасанды интеллект адамға қарағанда бірнеше есе тез жұмыс істейді. Осылайша көп шаруаны аз ғана уақытта орындауға болады. Ал инвестицияға қатысты айтсақ, инвесторлардың шешім қабылдауға жұмсайтын уақытын өзі үшін әлдеқайда маңыздырақ істерге арнауға мүмкіндік береді.
  • Қауіп-қатерді басқару жақсарады. Бұған дейін айтқанымыздай, жасанды интеллект көлемді мәліметтерге анализ жасай алады. Сол арқылы болуы мүмкін қауіптерді де дер кезінде байқауға қауқарлы. Инвесторлар үшін бұл — үлкен көмек.
  • Істе нақтылық көбейеді. Машина қателеспейді. Адамдар болса, кейде қате жіберіп жатады. Сондықтан жасанды интеллектінің деректерге анализді нақтырақ жасайтынын үлкен артықшылық дей аламыз.

Қандай қауіп бар?

  • Жұмыс орындары азаяды. Жасанды интеллект кей мамандарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Себебі уақыт өте келе көп жұмыс автоматтандырылып жатыр. Яғни бұрын-соңды ол шаруаны адам атқарып келген болса, жаңа технологиялардың көмегімен оны автоматтандырады. Бұл болса, әлгі қызметкердің жұмысынан қысқаратынын білдіреді. Әлбетте, мұндай қауіп болғандықтан, бұдан адамның зардап шекпеуі үшін түрлі амал жасалады. Мәселен қаржы саласында қазір операторлардың жұмысы жеңілдеді. Сіз банктің байланыс орталығына хабарлассаңыз, алдымен көп жерде үйретілген роботтар жауап береді. Мәселені қаржы кеңесшісі арқылы ғана шешу керек болғанда байланыс орнатылады. Ал жиі қойылатын сауалдарға сол роботтар автомат жауап береді.
  • Инвесторларға бірінші кезекте қаржылық сауат керек. Бірақ жасанды интеллектіні қолдану кеңінен таралса, инвестиция жасау процесі автоматтандырылып, көпшілік соған сенгендіктен қаржылық сауат ашуды міндет санамай кетуі мүмкін.
  • Киберқауіпсіздікке қатысты қауіп бар. Жасанды интеллектіні қолданғанда мұндай қауіп барын айтпай кетуге болмас. Себебі алгоритмдерді хакерлер бұзып алуы мүмкін.
  • Жасанды интеллектіні алдымен үйретіп, оқытады. Бірақ егер сол үйреткен кезде деректерге интерпретация қате жасалуы мүмкін. Соның салдарынан AI қателесіп, бұрыс шешімдер қабылдауы ғажап емес.

Инвестиция және жасанды интеллект: қандай технологиялар қолданылады?

          Өте көлемді деректерді өңдеп, анализ жасау үшін инвестиция саласында жасанды интеллектінің көмегіне жүгінеді. Сол арқылы нарықтағы трендтерге болжам жасап отыру жеңілдейді. Бұл салада қазіргі уақытта кеңінен қолданылатын технологиялар мен әдіс-тәсілдерге тоқталайық. 

  • Жасанды интеллект арқылы бұрынғы өткен саудалар, компаниялардың қаржы есептері, олар туралы жарияланған жаңалықтар секілді нарыққа әсер ететін өзге де факторларға анализ жасауға аласыз. Мұндай анализ инвестор үшін аса маңызды. Сол арқылы нарықтағы өзгерістерге болжам жасап, әлдебір заңдылықтарды анықтауға болады.
  • Maсhine learning тәсілі бар. Яғни компьютерлер деректерді алып, сол арқылы оқытылады. Машинаны үйрету әдісі алгортимдер жасау үшін қолданылады. Ал сол алгоритмдердің көмегімен нарыққа анализ жасалып, өзгерістерді болжап отырады. 
  • Нейрон желілері де кеңінен қолданылады. Бұл технология адам миы секілді жұмыс істейді. Көлемі үлкен деректерді өңдеп, анализ жасау үшін нейрон желілерін пайдаланады. Сонымен бірге нарықтағы өзгерістерді де болжай алады. 
  • Инвестор роботтар болады. Яғни қаражатты инвестициялауға қатысты шешімдерді машинаны үйрету және нейрон желілерінің алгоритмдеріне сүйене отырып қабылдайды. Олар көлемді деректерді өңдеп, анализ жасап, адамға қарағанда жылдам шешім қабылдай алады.
  • Әлеуметтік медиаға анализ жасайтын технологиялар бар. Бұл қазір аса қажет. Себебі көптеген компания нарықтағы өзгерістерге анализ жасап отыру үшін осы тәсілді қолданады. Мысалы жасанды интеллект арқылы әлеуметтік желіде жазылған миллиондаған пост пен пікірлерге шолу жасап, анализ жүргізе алады. Сонымен бірге қолданушылардың көңіл-күйін, қызығушылығын да «сезіп» қояды. 
  • Блокчейн технологиясын көпшілік жақсы біледі. Деректерді сақтауға және тасымалдауға қолданылады. Блокчейн тұрақты және қауіпті сақтау жүйелерін жасауға, қаржылық деректерді жіберуде пайдаланылады.
  • Аудио көмекшілер бар. Қолданушыларға аудио командалар арқылы компьютермен тіл табысуға көмектесетін технология. Мұндай аудио көмекшілер инвестициялық қоржынды басқаруға, қаржылық деректерді білуге қолданылады.

          Жасанды интеллектіні инвестиция саласында қолдану арқылы қабылдайтын шешімдерді нақтылап, жұмыс өнімділігін арттыруға болады. Деректер анализі, машинаны үйрету, нейрон желілері, инвестор роботтар, әлеуметтік медиаға анализ жасау, блокчейн және аудио көмекшілер осы жағынан жап-жақсы көмектеседі. Дегенмен толықтай сенім білдіруге де болмайды. Себебі сол технологияларды қолданған кезде түрлі қауіп-қатермен кезігуіңіз мүмкін екенін жоғарыда айттық. Сондықтан сауатты арттыра түсу керек. Жаңа машықтарды да меңгеру маңызды.

Дижитал технология дәуірінде керек болатын машықтар

          Инвестиция саласында әр қадамды аңдап басу керек. Сондықтан білім мен машықты дамытпаса болмайды. Жаңа техология көбейген заманда сізге қандай машық қажет болады? Соған тоқталайық.

  • Қаржы нарығы мен онда қолданылатын құралдарды жақсы білуіңіз керек. Яғни осы бағытта мол білім алыңыз. Себебі инвестиция саласында мол табыс табу үшін қаржы құралдарын түсініп, олардың ерекшеліктері мен нарықтағы тенденцияларды сезе білуіңіз қажет.
  • Аналитикалық ойлау қабілетіңізді дамытыңыз. Себебі деректерге анализ жасап, олардың нарыққа қалай әсер ететінін түсінуіңіз керек. Бұл өте маңызды. Аналитикалық ойлау қабілеті мықты адам тәуекелдердің алдын алып, алда болуы мүмкін өзгерістерді болжай алады.
  • Жасанды интеллект пен дижитал технологияларды жақсы білуіңіз қажет. Көлемді деректерге анализ, машинаны үйрету, нейрон желілері секілді дижитал технологиялар дамып жатқандықтан, оларды пайдалана білген абзал. Оларды біліп, қолдана алсаңыз, деректерге анализ жасағанда, шешім қабылдағанда жеңілірек болады.
  • Инвестициялы қоржынды басқара алатын машық қажет. Қоржынның тәуекелі мен табысын баланста ұстай алсаңыз, ойдағы инвестициялық мақсаттарыңызға оңай жетесіз.
  • Заңды және реттеуші нормаларды біліп алыңыз. Инвестиция саласында жұмыс істеу үшін осы саладағы заңнаманы шемішкіше шағып тұруыңыз керек. Сонда проблемаларға аз тап боласыз. Тіпті мәселе туындаған күннің өзінде қалай шешу керегін біліп тұрасыз.
  • Коммуникация құра білуіңіз керек. Мұндай машық бұл салада да қажет болады. Өйткені клиенттермен, әріптестеріңізбен немесе осы саладағы басқа да қатысушылармен тіл табыса білген дұрыс.
  • Тұман секілді көрінбейтін тұрған жердің өзінде шешім қабылдай алатын қабілет қажет. Себебі инвестция саласында күтпеген оқиға көп болады, сала өте тұрақсыз. Осындай белгісіз болып тұрса да өзгеріп жатқан жағдайға тез бейімделе алатын машық керек болады.

Осындай машық пен білімнің арқасында қазіргі заманда инвестиция саласында жемісті жұмыс атқара аласыз. Десек те, бұл салада бәсеке өте көп екенін ұмытпаңыз. Сондықтан техникалық қабілет аздық етеді. Оған қоса креативтілік, аналитикалық ойлай алатын қабілет, коммуникация құру, көшбасшылық секілді машықтар маңызды. Қаржы құралдарын жақсы біліп, нарықтағы кейінгі жаңалықтардан хабарыңыз боулуы керек. Қорыта айтқанда, дижитал технологиялар дәуірінде техникалық қабілетке қоса жеке тұлға ретінде ерекшелейтін машықтарыңыз бен тиісті тәжірибеңіз болғаны дұрыс. Өйткені күн өткен сайын жасанды интеллект пен басқа да дижитал технологияларды қолданалатын сала көбейіп жатыр. Сол себепті бір басында техникалық білім де, аналитика, тәжірибе мен интуиция қатар табылған адамның табысқа жету ықтималы өте жоғары. Бастысы, инвестиция саласында болуы мүмкін қауіп-қатерді жақсы біліп, алдын ала алса және дұрыс шешім қабылдай алса болғаны. 

         

Сондай-ақ оқыңыз