Еуропалық банктер акционерлеріне 120 млрд еуродан астам қаржы қайтарады. Бұл туралы Financial Times хабарлады.
Аймақтағы ең ірі банктер дивидендтер төлеуге жалпы сомасы 74 млрд еуро және акцияларды сатып алу үшін 47 млрд еуро бөледі. 2023 жылдың соңында қаржы институттары акционерлерге төлеуге ниетті сома бір жыл бұрынғыдан 54%-ға жоғары. Бұл әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі жылдардан айтарлықтай көп.
2020 жылдан бері банктер акцияларды белсенді түрде сатып алды. Дегенмен бұл тәжірибе 2020 жылға дейін аз қолданылған, деп жазады FT.
Банктердің пайдасы пайыздық мөлшерлемелер өскеннен кейін артты
Қаржы институттарының пайдасы пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуінен кейін өсе бастады. Бұл пандемиядан кейін бағасы төмендеген өздерінің бағалы қағаздарын сатып алуға итермеледі.
«Соңғы екі жылда еуропалық банктер шамамен 100 млрд еуро таза пайыздық кіріс алды», – деп жазады басылым.
Осы айдың басында итальялық UniCredit банкі акционерлерге дивидендтер және акцияларды сатып алу түрінде 2023 жылғы түзетілген кірістің барлығын (8,6 млрд еуро) қайтаруға уәде берді. Ол сондай-ақ 2024 жылдың соңына дейін акционерлерге жарналарды 10 млрд еуроға дейін ұлғайтатынын хабарлады.
Британдық банк акционерлеріне 10 миллиард фунт стерлинг қайтарады
Өткен аптада британдық Barclays басшылығы келесі үш жылда акционерлерге 10 миллиард фунт стерлинг қайтаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ал Standard Chartered сол кезең ішінде 5 миллиард доллар төлеуге уәде берді.
Бұған дейін UBS 2024 жылы 1 млрд долларға дейін өз акцияларын сатып алу ниетін жариялаған болатын. Ол жылдық дивидендтерді 27%-ға ұлғайтты.
Сарапшылар келесі жылы банктердің акционерлерді биылғыдан аз қаржы төлеуі мүмкін екенін айтты. Бұл қаржы институттарының кірісіне әсер етеді.
Былтыр әлемдегі ең ірі банктер 60 мыңнан астам қызметкерін қысқартқан болатын.
Financial Times мәліметінше, әлемдегі ең ірі 20 банк биыл 61,9 мың қызметкерін жұмыстан шығарған. Басылым атап өткендей, биылғы жыл банк секторы қызметкерлері үшін 2007–2008 жылдардағы жаһандық қаржылық дағдарыстан кейінгі ең қиын кезеңдердің бірі болды. Сол тұста қаржы ұйымдары 140 мыңнан астам адамды қызметінен босатуға мәжбүр болды.
Жұмыссыз қалғандардың басым бөлігі UBS Group банкінде тіркелді. Оған Credit Suisse-ті сатып алу және одан кейінгі бизнесті қайта құрылымдау ықпал етті. Нәтижесінде 13 мың маман жұмыссыз қалды. Ал келесі жылы компания басшылығы штатты қысқартуды жалғастыратынын мәлімдеді. Екінші орында желтоқсанда 12 мың қызметкерін жұмыстан шығару ниеті туралы мәлімдеген Wells Fargo болды. Үшінші орында 5 мың жұмысшысы бар Citigroup.