Қазақстандық Kaspi.kz Лондон қор биржасында (LSE) өзінің ADS (америкалық депозитарлық акциялар) және ЖДҚ (жаһандық депозитарлық қолхат) листингінен бас тартады. Бұл туралы компанияның 2023 жылдың төртінші тоқсанындағы есебінде жазылған.
Делистинг 2024 жылдың 25 наурызына дейін өтеді деп күтілуде.
«Компания жақында Америка Құрама Штаттарында ADS-ті бастапқы орналастыруды аяқтады. 2024 жылдың 19 қаңтарында Nasdaq-да сауда жасай бастады. Компания қазір ADS саудасының басым бөлігі Nasdaq-да болады деп жоспарлауда», – деп жазылған есепте.
Холдинг мұны LSE негізгі нарығындағы сауда көлемінің төмен болуымен байланыстырды. Осылайша компания Лондондағы өзінің ADS және GDR листингінен бас тартуға өтініш берген.
Еске сала кетсек, қаңтарда Kaspi.kz тобының негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастыру барысында шамамен 1 миллиард доллар табыс тапты. Бұл туралы Bloomberg хабарлаған. Аталған көрсеткіш компанияның Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттары бағасына негізделген болжамнан 127 миллион доллар артық.
IPO 11,3 миллион америкалық депозитарий акцияларын бір ADS үшін 92 доллар бағасымен ұсынды. Сатушы акционерлер Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе және Asia Equity Partners Limited (Baring Vostok қорларының бірі) болды.
Kaspi.kz акционерлері тапқан табыс желтоқсан айының соңында SEC-ке берілген өтініште көрсетілген сомадан 10 есе көп.
Кaspi.kz АҚШ-та депозитарлық қолхат орналастыру ниетін алғаш рет қазан айында жариялады. Алайда қанша қағаз шығарылатыны, олардың қандай биржада орналастырылатыны нақтыланбаған.
2023 жылдың желтоқсанында компания АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына (SEC) NASDAQ тізіміне кіруге өтініш берді. Сонымен қатар андеррайтері Morgan Stanley, JPMorgan және Citigroup болатыны белгілі болды.
Kaspi.kz 2020 жылдың қазан айында Лондон қор биржасында (LSE) IPO өткізді. Компания акционерлері сол арқылы 1 миллиард доллар тапты. Холдинг акцияларының шамамен 15%-ын IPO аясында орналастырылды. Компанияның ЖДҚ Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық биржасында (AIX) де саудаланады.