«ҚазМұнайГаз» екі ай бұрын игеруді бастаған «Рожков» кен орнынан өндірілген 4,2 мың тонна газ конденсаты экспортталды
2023 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген «Рожков» кен орынан 4,2 мың тонна газ конденсаты экспортқа жөнелтілген. «ҚазМұнайГаз» АҚ кен орындағы алғашқы өндіріс нәтижесін шығарды.
Биыл ақпан айында 1100 тонна сұйытылған көмірсутек газын (СКГ) өндіру жоспарланған. Бұл өнім Батыс Қазақстан облысындағы газға деген сұраныстың 25 пайызын қамтамасыз етуге жіберіледі.
Кен орны толық игерілген кезде, жылына 1 млрд текшеметр табиғи газ өндірілмек. Жыл сайын шығарылатын газ конденсатының көлемі 500 мың тоннаны құрауы тиіс. Сұйытылған көмірсутек газының өндірісі жылына 150 мың тоннадан асады деп жоспарланған.
700 млн текше метр тауарлық газ шығарылса, жылына 100 мың тонна сұйытылған көмірсутек газы өндірілмек.
Кен орнынан өндірілген шикі газ «Жайықмұнайгаз» ЖШС газ өңдеу кәсіпорнына жөнелтіледі. Ал өңделген дайын тауар газы ішкі нарыққа жеткізіледі.
Кен орны туралы не белгілі?
«Рожков» кен орны 2023 жылғы 21 желтоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға берілген болатын. Кен орнының операторы «Урал Ойл энд Газ» ЖШС — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы.
Компания үлесі «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%), венгриялық MOL Caspian Oil and Gas Plc (27,5%) және Қытайдың First International Oil корпорациясына (22,5%) тиеселі.
Кен орны 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылған. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ, 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланған. Жобаға шамамен 534 млн доллар инвестицияланған.
Бұл кен орнын игеру барысында Ұлттық қор – 501 млрд, жергілікті бюджет 110 млрд теңгеге толығады деген жоспар бар. Одан бөлек, акционерлер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кемінде 3,1 млрд теңге бөлуді көздеп отыр.
Венгрия «Рожков» кен орнында өндірілетін газ конденсатын экспорттауға қызығушылық танытып отырғаны белгілі.
Жалпы, Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-ші, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-ші орында тұр. Барланған газ қорларының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында, бұл ретте 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсаты кен орындарында шоғырланған. Елімізде негізінен ілеспе мұнай газы өндіріледі. Бұл өндірілетін газдың 80%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол жобаларына тиесілі.
Қазақстанда өндірілетін газ қоры 3,8 триллион текше метрге тең. QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов еліміздегі газ қоры 100 жылдан астам уақытқа жетеді деп мәлімдеген.