«Жоғалған онжылдық» мәселесін шеше алмайды: Сарапшылары «Ұлттық даму жоспарын» сынға алды
Halyk Finance Қазақстанның 2029 жылға дейінгі «Ұлттық даму жоспарын» сынға алды. Сарапшылардың тұжырымдауынша, жаңа даму жоспарының жобасы елдің қазіргі даму моделіне түбегейлі өзгеріс енгізуді ұсынбайды. Құжат президенттің сайлауалды бағдарламасы, жолдауы мен сөйлеген сөзі аясында дайындалған деп пайымдайды.
Сарапшы Мұрат Темірханов Дүниежүзілік банк Қазақстанның экономикалық дамуының қазіргі және бұрынғы моделін сыни тұрғыда талдай келе, бұл кезеңді «жоғалған онжылдық» деп бағалағанын айтады. Ал Ұлттық жоспар ел экономикасы жолғатқан жылдар мәселесін түбегейлі шеше алмайды.
«Қазақстанның жаңа даму жоспарының жобасы қазіргі даму моделіне түбегейлі өзгеріс енгізуді ұсынбағандықтан, «жоғалған онжылдық» мәселесін шеше алмайды. «Жаңа» Қазақстанның қазіргі көзқарасы «Ескі Қазақстаннан» айтарлықтай ерекшеленбейді деп есептейміз», – деп жазады ол.
Кейінгі 20 жылда Қазақстанда толыққанды нарықтық экономиканың орнына, мұнай табысын бөлу негізделген «мемлекеттік капитализм» дейтін экономикалық жүйе құрылған. Сарапшы билік қазір толыққанды нарықтық экономикаға түбегейлі көшудің орнына, аз-маз өзгеріс енгізуге тырысып жатқанын айтады.
«Ұлттық жобаның тағы бір үлкен мәселесі – 2029 жылға дейін нақты салықтық жоспарлаудың болмауы. Алдағы 5 жылда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалатын ірі мемлекеттік шығыс пен инвестициялардың (бюджеттік және бюджеттен тыс) қалай қаржыландырылатыны құжатта анық емес. Толық нарықтық экономика жоқ болған соң, оған салынатын жеке инвестицияның өсу қарқыны бәсеңдеп, билік Ұлттық қор мен Бірыңғай зейнетақы қоры, «Самұрық-Қазынаның» табысын мемлекет пайдасын пайдалана отырып, жеке инвестицияны мемлекеттік инвестициямен алмастыруға мәжбүр», – дейді Мұрат Темірханов.
6 ақпанда «Ашық НҚА» порталында «Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары» жобасы жарияланды. Жоспар бойынша, ЖІӨ-нің өсу қарқынын 2029 жылға қарай 4 450 млрд дейін жеткізілмек. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1,4 есе, ал орташа жалақы 1,9 есе өсуі тиіс.
Алайда сарапшылар бұл жоспарда ел экономикасын ненің есебінен өсетіні және қандай реформа нәтижесінде сапалы болатыны жазылмаған деп отыр.
Ал Дүниежүзілік банк баяндаманың арнайы бөлімінде Қазақстанның экономикалық өсуінің сын-қатерлер қарастырылған. 2018-2022 жылдар аралығында орташа жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі 1 пайызды құраған. Бұл орташа табысы ортадан жоғары елдер үшін 3,3 пайыздан әлдеқайда төмен.
Баяндамада Қазақстан экономикасы өсімінің түйткілдері мен әлсіз тұстары талданған. Halyk Finance мамандары жаңа жоспарға дәл осындай талдау жетіспейді деп тұжырымдайды.
Бұған дейін Energy Monitor директоры Нұрлан Жұмағұлов та пікірі білдіріп, жоспар «жай сөз бен сөйлемдердің жиынтығы сынды» деген.