Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірнеше микроқаржылық компанияның лицензиясын тоқтатты.
Шешім Алматы қаласы өңірлік өкілдер басқармасы бастығының 23 ақпандағы №№15,16,17,18,19 бұйрықтарына сәйкес қабылданды.
«Hava Finance» (Хава Финанс)» МҚҰ» ЖШС, «POS Credit» (ПОС Кредит)» МҚҰ» ЖШС, «SF Offline» (СФ Оффлайн) МҚҰ» ЖШС, «Сәлем Кредит» МҚҰ» ЖШС, «Express Аванс» МҚҰ» ЖШС-ның (бұдан әрі – МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларының қолданысы 3 ай мерзімге тоқтатыла тұрды», – деп жазылған хабарламада.
Лицензияны тоқтатуға негізгі себеп – заң талаптарын сақтамау болды. Атап айтқанда, «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 1-тармағының 5-тармақшасына сәйкес уәкілетті органның жазбаша нұсқамасын орындамау.
Жаңа несие беруге тыйым салынады
Микроқаржылық компанияның лицензиясының тоқтатылуына байланысты несие беру туралы жаңа шарттар жасасуына тыйым салынады. Ол «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес реттелген.
«Оның ішінде микрокредит беру туралы қолданыстағы шарттардың қолданылу мерзімін ұзартуына және оларды микроқаржы ұйымының міндеттемелері мен жауапкершілігін, сондай-ақ қарыз алушының міндеттемелері мен жауапкершілігін ұлғайтуды көздейтіндей етіп өзгертуіне тыйым салу қарастырылған. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы тоқтатыла тұрған ұйым микрокредит беру туралы бұрын жасалған шарттар бойынша міндеттемелерді орындауға тиіс», – деп хабарлады Агенттік.
Микроқаржылық ұйымнан несие алған клиенттер МҚҰ алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек.
Микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі артты
Еске сала кетсек, былтыр парламенттік тыңдауда ҚНРДА басшысы микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі артқанын айтқан. Жалпы елімізде жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгеге жетті. Ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан астам адамды құрады.
ҚНРДА басшысы проблемалық қарыз алушылардың мәселесін шешу міндеті қазір қаржы институттарына жүктелгенін айтты. Олар 1,449 млн проблемалық қарыз алушымен жұмыс жоспарын дайындапты. Бұл жұмыста кейінгі жылдары еш төленбеген проблемалық несиені баланстан шығару мүмкіндігі қарастырылған. Әбілқасымова мұны қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын атап өтті.
ҚНРДА басшысы сонымен бірге азаматтардың борыш жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу және тұтынушылық кредит берудегі тәуекелдерді барынша азайту үшін агенттік кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын айтты.