Зеленский алғаш рет Ресеймен соғыстағы Украина әскерінің шығындарын айтты

Жарияланды
Зеленский алғаш рет Ресеймен соғыстағы Украина әскерінің шығындарын айтты / REUTERS/Valentyn Ogirenko

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен соғыс басталғалы бері 31 000 украиналық сарбаз қайтыс болғанын мәлім етті.

Reuters  хабарлауынша, Зеленский Ресей Украина аумағына толыққанды басып кіргелі екі жыл өтуіне орай Киевте баспасөз мәслихатын өткізді. Ол қайтыс болғандардың санын айтқанымен, жараланғандардың санын жариялай алмайтынын айтты. Себебі бұл Ресейдің әскери жоспарларына қосымша ақпарат болуы мүмкін.

«Бұл соғыста 31000 украин әскері қаза тапты. (Ресей президент Владимир – ред.) Путин айтқандай, 300 000 емес, 150 000 емес… Бірақ мұның өзі Украина үшін үлкен шығын», – деді Зеленский.

Украина өзінің әскери шығындарын 2022 жылдың аяғынан бастап есептеуді тоқтатқан. Ол кезде Зеленскийдің көмекшісі Михаил Подоляк 13000 украин сарбазы қаза тапқанын айтқан.

«Былтыр Ресейге қарама-қайшы шабуыл ұйымдастыру кезінде Украина әскері үлкен шығынға ұшырады. Өз сарбаздарын сақтап қалуда әрі әскери күшін жоғалтпау үшін мобилизация тәртібін өзгертіп жатқан елге қазір әскери шығын аса сезімтал тақырып болып отыр», – деді Зеленский.

Айта кетейік, 2023 жылы тамыз айында The NewYork Times «АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, Украинада қаза тапқандардың саны 70 000 жақындағанын» жазған. Сол материалда ресейлік әскер шығыны 120 000 жуықтағаны айтылған еді.

Зеленский журналистерге соғыс басталғалы бері 180 000 Ресей әскери қызметкері қайтыс болғанын айтты.

Ресей өз әскери шығындарын құпия ұстайды. Екі тарап үнемі бір-бірінің әскери шығындарын санап, ресми деректен әлдеқайда көп екенін мәлімдейді.

Украина президенті соғыс кезінде елдің жау құрсауында қалған аймақтарында мыңдаған тұрғынның қайтыс болғанын айтты. Әзірге аумақтарда еркін есеп жүргізе алмайтындықтан әскери шығынды есептеу де қиын болып отыр.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз