Геннадий Головкин Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланды
Елордада ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің кезектен тыс Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Жиын барысында кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің президенті болып сайланды.
Бұған дейін аталған қызметті Тимур Құлыбаев атқарып келген.
34 қатысушы Геннадий Головкиннің кандидатурасын қолдап, екеуі қалыс қалды.
«Жаңа лауазымда еліміздің атынан шешім қабылдау – мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетін басқаруды ұсынғанда, қазақстандық спортты дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана, кандидатурамды ұсынатынымды айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз әрекетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Осы орайда, менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем барын, команда барын айтқым келеді. Ал ең бастысы және менің көптен бергі қалауым – бұл барлығын да өзімнің туған елімде жүзеге асыру», – деді Геннадий Головкин жиын барысында.
Геннадий Головкин 1982 жылы Қарағандыда дүниеге келген. Ол орта салмақ дәрежесінде өнер көрсететін кәсіпқой боксшы. GGG – Олимпиаданың күміс жүлдегері және әуесқойлар арасындағы әлем чемпионы. Кәсіпқойлар арасында IBF, WBA және IBO нұсқалары бойынша екі дүркін әлем чемпионы. Қазіргі IBO бойынша әлем чемпионы.
Депутаттар ҰОК-ты сынға алды
2024 жылдың қаңтар айының ортасында депутат Ермұрат Бапи Премьер-министрден Ұлттық Олимпиада комитетіне тексеру жүргізіп, Тимур Құлыбаев пен оның «олигарх достарын» ол жерден шығаруды талап етті.
Депутат комитеттегі «бұрынғы Қазақстан» өкілдері қазақ спортшыларының жетістіктеріне жағымсыз әсер ететінін айтты. Былтыр Қазақстан спорт саласын жемқорлық жайлаған елдердің ондығына енді.
Комитет сынға жауап берді
Ақпан айының басында ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мәжілісмендердің сынына жауап берді. Сол тұста ұйым үкіметтің ҰОК ісіне араласуы заңсыз және ел имиджіне кері әсер етуі мүмкін деп мәлімдеді.
Осыдан кейін Олимпиадалық спорт федерациялары ҰОК басшысы лауазымына боксшы Геннадий Головкиннің кандидатурасын ұсыды.
Қазақстан ҰОК-ы 1990 жылы құрылып, 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне мүше болды. Комитетті 2015 жылдан бері Тимур Құлыбаев басқарып келді.