Өткен жылы құрғақшылықтан зардап шеккен оңтүстік өңір шаруаларына биыл суармалы су арзан бағада беріледі

Жарияланды
«Қазсушар» мекемесі тұтынушылармен тікелей келісім-шартқа отырады / Фото: shutterstock

Осы жылы оңтүстік өңірлердің шаруалары суармалы суды арзанға алады. Бұл жайлы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша 2024 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық аясында «Қазсушар» мекемесі тұтынушылармен тікелей келісім-шартқа отырып жатыр. Бұл ортадағы делдалдарды алып тастауға мүмкіндік береді және бірқатар тұтынушылар үшін қызметтер құнының арзандауына жол ашады.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі биылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тікелей келісім-шартқа отыра бастады. Осы арқылы министрлік шаруаларға су беру қызметінің құнын арзандатуға ниетті. «Қазсушар» мекемесі 2024 жылдың вегетация маусымына 19 мыңнан астам тұтынушымен келісім-шартқа отыруды жоспарлап отыр. Барлық өңірлер бойынша сәуір айынан суармалы су беріле бастайды», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Бүгінгі күні «Қазсушар» оңтүстік аймақтағы 1740 шаруа қожалығымен су беру бойынша келісім-шарт жасаған. Қалған өңірлерде шартқа отыру жұмыстары наурыз айында басталады.

«Бұл, ең алдымен, шаруаның құқығын қорғайтын құжат. Мәселен, былтыр төтенше жағдай кезінде келісім-шарты бар шаруалар еш қиындықсыз өтемақы алды. Бұдан бөлек, «Қазсушардың» суы өте арзан. Қызмет ақысын қолма-қол ақшасыз төлейміз. Бұл қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сол себепті шаруаларға «Қазсушар» мекемесімен алдын ала келісім-шартқа отыруға кеңес беремін»,– деді «BIRLIK KORDAY 2021» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы Әділет Жылқыбеков.

Субсидия

Осы орайда АШМ Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларын бекіткенін айта кеткен жөн. «Ашық» НҚА порталына орналастырылған Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге (АШТӨ) немесе ауыл шаруашылығы кооперативтеріне су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау тәртібі айқындалған.

Субсидиялар АШТӨ-ге су беру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу құнын арзандату жолымен суару суын беру жөніндегі қызметті сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін АШТӨ-ге төленеді.

«АШТӨ субсидия алу үшін су берушіге қолданыстағы тариф пен тарифтің субсидияланатын бөлігі арасындағы айырманы төлейді, қалған айырма су берушіге өтінімдер арқылы субсидия түрінде төленеді»,– делінген құжатта.

Субсидия ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшелеріне, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, бірлескен кәсіпкерлік нысандарына беріледі.

Құбырлар арқылы берілетін су бағасы қандай?

Ал «Магистарльдық суағызғысы» ЖШС Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бұйрығымен магистральды құбырлар арқылы 2022-2027 жылдары берілетін су тарифін бекітті.

«Магистральды ағызғысы» ЖШС Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бұйрығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бұйрығымен магистральдық құбырлар арқылы сумен жабдықтаудың реттеліп көрсетілетін қызметіне тарифтер мен тарифтік сметаларды бекітті.

Оған сәйкес, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілу тәртібімен халыққа, бюджеттік және коммерциялық емес ұйымдарға мемлекеттік қызмет көрсететін басқа да кәсіпорындарға – текше метрі 18,04 теңге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерген текше метрі метрі 64,98 теңге, өнеркәсіптік кәсіпорындар және басқа да коммерциялық ұйымдарға тексе метрі – 683,75 теңге, мұнай және газ өндіруші кәсіпорындарға текше метрі – 2 044,51 теңге көлемінде бектікен. Осылайша орташа тариф құны 626,66 теңгеге немесе 57,09 теңге текше метрге өскен.

Өткен жылғы құрғақшылық

Осы жылдың вегетациялық кезеңіне билік қыстан қамданған секілді. Өйткені «Қазсушар» мекемесі өткен жылы шаруаларды құрғақшылықтан сақтандыра алмады. Өткен жазда құрғақшылыққа байланысты Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Оңтүстікте өткен жылғы құрғақшылық салдарынан шаруалар 560 гектар алқаптағы егінінен айырылды. Оған Қырғызстаннан Жамбыл облысына суаруға арналған су жеткілікті мөлшерде берілмегендігі себеп. Қырғызстан тарапы жаз айларында судың болмауына байланысты су жібере алмағанын айтты.

Бұл жағдайдан соң, депутаттар жауапты органдарды сынға алып, Роман Склярға сауал жолдады. Олар су саласына қатысты атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейтінін айтты. Түрлі жобалар аясында жоспардағы 54 мың гектардың тек 34 мың алқабы ғана ағын сумен қамтылғанын, жауаптылардың салғырттығы салдарынан 20 мың гектарға жуық жерді иеленіп отырған шаруалар шығынға батқанын мәлімдеді.

Депутаттардың айтуынша, облыста қолданыстағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен жалпы құны 40 млрд теңге құрайтын 2 жоба жүзеге асырылып бастаған. Аталған жобалардың әкімшісі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» кәсіпорны.

Айта кету керек, аталған 2 жоба 2021 жылы аяқталып, жалпы 114 мың гектар алқапты сумен қамтуы керек еді. Алайда ЖСҚ-ның сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» кәсіпорны тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты жобалардың аяқталуы ағымдағы жылдың желтоқсанына ауыстырылған. 

Сондай-ақ оқыңыз