Жаңалықтар

Мас күйінде көлік жүргізген Зеренді ауданының әкімі жұмысынан босатыла ма – Марат Ахметжанов жауап берді

Мас күйінде көлік жүргізген Зеренді ауданының әкімі жұмыстан босатылуы мүмкін
/ Фото: архив kursiv.media

Бұған дейін Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Есімхан Байғабылов мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Алдағы уақытта шенді жұмыстан босатылуы мүмкін.

Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Үкімет кулуарында мәлім етті.

«Бұл азамат қазір әкімшілік қамауға алынған. Бостандыққа шыққаннан кейін, оның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуін жалғастыру мәселесін шешу үшін комиссия отырысы өтеді. Мен өз басым мұндайды құптамаймын. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі енгізген жүйе мас жүргізушілерді анықтап жатқанына қуаныштымын. Олар азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін білесіз. Сондықтан мен мұндай нәрселерге өте қатал қараймын. Мемлекеттік қызметте оларға орын жоқ деп ойлаймын», – деді Ахметжанов Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Естеріңізге сала кетейік, шенеунік мас күйінде Көкшетау қаласында ұсталды. Алайда кейін «алкогольдік ішімдік ішкен» деген айыпты жоққа шығарды.

10 ақпанда ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінде көзделген «Жүргізушінің көлік құралын алкоголь, есірткіге масаң күйде басқару» және сол сияқты басқа да құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Былтыр осыған ұқсас жағдай болған. Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова осында күйде көлік жүргізгені белгілі болған соң мандатын тоқтатуға өтініш білдірген.

Депутат Мұратова аумақтық сайлау комиссиясына өкілеттігін тоқтату туралы арыз жазды. Қолданыстағы тәртіп бойынша аумақтық комиссиядан мәслихатқа хат келіп түсті. Өтініш бойынша шешім мәслихат сессиясында қабылданады»,  – деді қалалық мәслихаттың төрайымы Анар Даржанова.

Осыған дейін Ақтөбе қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі Баишев көшесінде тәртіп сақшылары 53 жастағы әйел басқарған Lexus көлігін тоқтатқанын хабарлаған.

Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шыққан. Кейін тексеру жүргізіліп, Lexus жүргізушісі шынымен де, көлік жүргізіп келе жатқанда мас болғаны анықталған. Көлікті мас күйінде жүргізгені үшін материалдар сотқа жолданған.

Ол ақпаратта жол ережесін бұзған әйелдің 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін екендігі айтылған.

Кейін мұндай заң бұзушылықпен ұсталған адам қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова екені белгілі болды. Мәслихатта әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі еді.

Конституциялық сот мас күйде көлік айдағандарға жазаны күшейтті.