ХВҚ Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін «дұрыс қадам» деп бағалады
Қазақстандағы ХВҚ миссиясы басшысының орынбасары Николас Бланшет Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуін «дұрыс қадам» деп бағалады. Алайда бұған дейін ХВҚ негізгі мөлшерлемені азайтуға асықпаған жөн деген еді.
Жыл басынан бері реттеуші базалық мөлшерлемені екі рет, жалпы 100 базистік тармаққа төмендетті. Қарашада ХВҚ Қазақстанға инфляция деңгейі мақсатты көрсеткіш: 5%-ға жақындаған кезде ғана ақша-несие саясатын жеңілдетіп, мөлшерлемені төмендетуге кеңес берген болатын. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 9,5 пайызды құрап тұр.
«Инфляциялық күтулер әлі де жоғары және инфляцияны жеңдік деп айтуға әлі ерте. Бірақ желтоқсан айынан бері ақша-несие саясаты сақтықпен жүргізіліп жатқанын байқаймыз. Ақша-несие саясаты қазір өте қатаң, бұл жағдайдың дұрыс дамып жатқанының белгісі. Инфляцияға қатысты соңғы көрсеткіш – соның нәтижесі. Біздің ұсыныстарымыз ақша-несие саясатын жұмсартуда сақ болуға қатысты еді. Ұлттық банк басшысының [Тимур Сүлейменов] өткен аптада жасаған мәлімдемесіне сүйенсек, реттеуші бар тәуекелдерді толық түсінеді және ол туралы ашық айтып отыр», – деді Николас Бланшет.
Базалық мөлшерме мен инфляция қалай төмендеді?
ХВҚ мәліметінше, 2022 жылдың соңынан бері Ұлттық банк инфляцияны төмендету және ақша-несие саясатын қамтамасыз ету бойынша дұрыс шешім қабылдаған. 23 ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,75%-ға дейін төмендетті.
Бас банк бұл шешімін инфляциялық күтулер үш ай қатарынан баяулап, ал айлық инфляция орташа жылдық мәннен жоғары қалыптасуымен түсіндірген. Оған қоса, сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап күйде қалыптасып отыр. Алайда Тимур Сүлейменов ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсартуға мүмкіндік шектеулі деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ендігі уақытта ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау қажет. Ақша-несие саясатына қатысты келесі шешім 2024 жылдың 12 сәуірінде шығады.
Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына қатысқан нарық өкілдері де базалық мөлшерлеме төмендейді деп пікір білдірген. Сарапшылар базалық мөлшерлеме 2024 жылдың соңына қарай 13,8%-ға дейін төмендейді деп күтеді. 2025 пен 2026 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме болжамының медианалық мәні тиісінше 10,5% және 9% деңгейінде қалыптасты.
Қазақстанда инфляцияны есептеу әдістемесін өзгерту жоспарланып отыр. Пилоттық жоба мамыр айында іске қосылады. 2025 жылы сол әдістемеге толық көшу жоспарланған. Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, ХВҚ сарапшылары осы әдістемеге көшуге көмектесетін ұсыныстар берген. Сонымен қатар Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда желілері мен сауда нүктелеріндегі бағасына егжей-тегжей және ашық мониторинг жүргізу үшін тауарлардың ұлттық каталогы енгізілмек.
ҰСБ басшысы инфляция мониторингінің қазіргі жүйесінде баға көрсеткіштерін жинау мен талдау ұзақ уақыт алады деп тұжырымайды. Оған көп күш кетеді. Салық деректері операторының деректерінде тауарларды бірыңғай жіктеу мен кодтау жүйесі жоқ. Мәліметтерді өңдеу процесін жеңілдету және сенімділігін арттыру үшін біртұтас өнім тізбектемесін енгізу қажет.
2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 20,3%-ды құрап, Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетті. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі де сол кездегі ең жоғары деңгей – 16,75% құрады. 2023 жылдың тамызында Ұлттық банк ұзақ уақыттан бері алғаш базалық мөлшерлемені 16,50%-ға дейін төмендетті. Содан бері базалық мөлшерлеме 5 рет төмендеді.