Тимур Турлов сатып алуға ниетті SilkNetCom компаниясы қор биржасынан ерікті делистинг жасайтынын мәлімдеді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
SilkNetCom
SilkNetCom компаниясы KASE-ден кетпек. Фото: kursiv.media

2018 жылы алыс ауылдардағы мемлекеттік мекемелерге интернет жеткізу үшін құрылған SilkNetCom компаниясы KASE-ден кетпек. Ерікті делистинг туралы хабарлама Қазақстан қор биржасының сайтында орналастырылған.

Қор биржасынан кету туралы шешімді компанияның жалғыз қатысушысы шығарған. Қатысушы шешімінде биржа тізімінен жалпы құны 50 млрд теңгеге тең 50 млн дана облигациясын алып тастайтыны жазылған. Өйткені бұл бағалы қағаздар қор нарығына әлі орналастырылмаған.

Бұған дейін кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі Freedom Holding Corp құрамына кіретін Freedom Telecom компаниясы SilkNetCom-ды сатып алатыны жарияланған. ЖШС-нің жалғыз қатысушысы ұялы байланыс операторына 100 пайыздық үлесті сату туралы алдын ала келісімді мақұлдаған болатын.

Мәміле сомасы 11,5 млрд теңгені құрауы мүмкін. Сондай-ақ SilkNetCom иесі Freedom Telecom-ға компанияның капиталындағы 3 млрд теңгелік үлесін кепілге беруге келіскен. Бұл сома SilkNetCom компаниясының қазіргі активінің көлеміне тең. Кепіл сатушының сатып алушы алдындағы міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету үшін қажет.

Egov мәліметінде компанияның жалғыз иесі – Жанәсіл Тайымбетов деп көрсетілген. Алайда 2022 жылға арналған қаржы есебінде компанияның жалғыз қатысушысы «A-FORMAT MEDIA» ЖШС деп жазылған. Ал бұл компания иесінің аты-жөні АШМ-нің бұрынғы вице-министрі – Руслан Манатаевтың есімімен сәйкес келеді.

SilkNetCom 2018 жылы құрылған. Компания сайтында өздерін жоғары жылдамдықты интернет жеткізу нарығындағы көшбасшы деп атайды. Сондай-ақ SilkNetCom бұл позициясын ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік жобаның арқасында алғанын атап өтеді. Бұл жобаға компания «Транстелекоммен» бірге қатысқан.

Freedom Holding Corp. былтыр шілдеде Freedom Telecom құрылғанын жариялады. Холдинг басшысы Тимур Турлов FreedomTalks-қа берген сұхбатында5G-ге негізделген байланыс желісін ашуды көздеп отырғанын мәлімдеген.

Freedom Holding Corp. телеком-операторын құру үшін AIX биржасында $200 млн тартты. Долларлық облигациялардың жылдық кірістілігі 11,5-12% аралығында. Бағалы қағаздар холдингтің еншілес компаниясы – Freedom Finance SPC Ltd. арқылы орналастырылған. Бұл жалпы мөлшері 1 млрд АҚШ долларына тең облигациялық бағдарламаның алғашқы шығарылымы.

Сондай-ақ оқыңыз