2024 жылдың 29 ақпанынан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де бірқатар өңірлерде жергілікті уақыт 1 сағатқа артқа жылжиды.
Атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында. Осылайша, еліміздің барлық аймағы 5-ші сағаттық белдеуде орналасады. Соған сәйкес 1 наурыздан бастап намаз уақыты да өзгереді.
«Алла қаласа, 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні сағат 00:00-де Қазақстан бойынша UTC (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) +5 уақытына ауысқан сәтте намаз уақыттары да автоматты түрде өзгереді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми www.muftyat.kz сайтындағы намаз кестесінен өздеріңізге қажетті ауыл мен қаладағы намаз уақыттары жайлы мәліметтерді алуға болады», – деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
Ал жұма намазына қатысты мәліметті басқарма сайтынан көруге болады.
2024 жылы Қазақстан бірыңғай стандартты уақытқа өтетіні белгілі болды. Батыс өңірінен өзге аумақтар 1 сағат артқа жылжиды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда екі уақыт белдеуі UTC+5 және UTC+6 жұмыс істейді. Батыс өңірлерді қоспағанда, еліміздің көп бөлігі UTC+6 уақыт аймағына бағынады.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерделеу үшін жұмыс тобы құрылды. Оның ішінде депутаттар, ғылыми институттардың, медициналық университеттердің өкілдері және қоғам белсенділері бар.
Ғалымдардың пікірінше, қазіргі UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді. Бұл биологиялық ырғақтар мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Сарапшылар астана уақыты қолданылатын облыстар мен қалаларда сағат бір сағатқа (UTC+5) ауыстырылатын нұсқаны ұсынды. Осылайша, Қазақстанның барлық аумағы бойынша бірыңғай стандартты уақыт белгіленетін болады.
Еліміздегі 15 млн адам өз уақыт белдеуінде тұрмайтыны анықталды.