Жаңалықтар

Алаяқтар e-commerce нарығына 400 млрд доллар шығын келтіруі мүмкін

Алаяқтар e-commerce нарығына 400 млрд доллар шығын келтіруі мүмкін / коллаж kursiv.media

Алдағы 10 жылда алаяқтар e-commerce нарығына 400 млрд долларға жуық шығын келтіруі мүмкін. Бұл туралы Freedom Pay компаниясының Қазақстандағы бизнесті дамыту жөніндегі директоры Гаухар Ермекқұлова айтты.

Маманның сөзінше, e-commerce нарығының дамуы әсерінен алаяқтық факторлары да көбейген. Сарапшылар алдағы 10 жыл ішінде алаяқтар нарыққа 400 млрд долларға жуық шығын келтіруі мүмкін екендігін болжап отыр.

«Алаяқтық факторларын азайту үшін 2023 жылға қарағанда, 2024 жылы MFA жүйесін енгізуді қарастыратын компаниялар саны 7% өсті. Яғни көп факторлы аутентификация жүйесін енгізу көбейеді. Ол дегеніміз тек парольді ғана емес, қосымша биометрияны енгізу талабы қосылып жатыр», – деді Гаухар Ермекқұлова.

Бұдан бөлек, бизнеске жасанды интеллекті енгізу туралы идеялар жиі айтылып келеді. Сарапшылар ақпаратына сүйенсек, қазір компаниялардың 61% бизнесіне AI қолдануға энтузиазммен қарайды. Олар жасанды интеллекті клиенттерге қызмет көрсету саласында (43%) алаяқтықты анықтау кезінде (43%) және маркетинг құралы ретінде (40%) пайдалануға болады деп ойлайды.

Гаухар Ермекқұлованың сөзінше, кәсіпкерлердің келешек буыны жылдам, қолайлы әрі көңілді e-commerce жүйесін таңдағанды жөн санайды. Сондықтан олардың 36%-ы соңғы жыл ішінде кассасыз, яғни жанасусыз төлем жасау мүмкіндігін енгізген. 44%-ы дәл қазір осы жүйені пайдаланса, 21%-ы 2024 жылы енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Негізінен қолма-қол ақшасыз төлем жасау нарығында Алматы және Астана қалалары, Алматы облысы көш бастап тұр. Қазақстанда онлайн транзакциялар саны бір жылда 32%, транзакциялар көлемі 38% өскен.

Қазақстандағы интернет-алаяқтық

Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстанда 13 700-ден астам интернет-алаяқтық тіркелген. Соның салдарынан 13,5 мыңнан астам азамат зардап шекті, оның 70%-ы қала тұрғындары, қалған 30% ауыл тұрғындары. 2,5 мың түрлі интернет-алаяқтық жасаған 521 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жәбірленушілерге 523 миллион теңге көлемінде шығын өтелді.