Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде (ҚазҰАЗУ)
2006-2010 жылдар аралығында ұйымдасқан топ жоғары оқу орнының меншігінен 1,5 гектар жердің шығарылуына ықпал етті. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров осылай деп дабыл қақты.
«Менің қолымда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бастығы Э.Утепов қол қойған құжат бар. Сонда жерді университеттен «Ирида Инвест» компаниясына беру жөнінде жазылған. «Ирида Инвест» компаниясы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне «болымсыз құрылыс» салып береді. Оның орнына университеттің 1,5 гектар жерін алып алады. Бұл – сол кездегі мемлекеттік маштабтағы афера. Құжатта сол кездегі Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының қолы бар. Яғни ұйымдасқан топ жұмыс істеген», – деді депутат бізге берген сұхбатында.
Ерлан Сайыров ҚазҰАЗУ-дың студенттер қалашығы аумағындағы 1,5 гектар жерге 9 қабатты 5 үй салу жоспарланғанын жариялады. Сонымен қатар «Ирида Инвест» компаниясы жерді Rams Qazaqstan компаниясына өткізгенін айтты.
«RAMS компаниясы жерді студенттерге қайтармай отыр», – деді ол.
«Болымсыз құрылыс» деген не?» деп нақтылағанымызда, депутат: «Университет ішінде әскери кафедра салған. Ол енді мүлдем «болымсыз құрылыс». Бірақ соның орнына миллиардтаған теңге тұратын жерді алған», – деп жауап берді
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, студенттер қалашығы аумағындағы жердің жағдайы сейсмикалық қауіпсіздікке қарама-қайшы.
«Жер сілкінісі болса, студенттер қалашығының аумағындағы көпқабатты үйлер құлауы ықтимал. Айналасының барлығын қазып тастағандықтан, жер ыдырап бара жатыр. Бұл дәл қазір осы аумақта жұмыс істеп жүрген оқытушылар мен білім алып жүрген студенттердің өміріне тікелей қауіп», – деді депутат.
Депутаттан осы мәселе бойынша заң алдында кім жауап беруге тиіс екендігі сұралды.
«Бұл аграралық университетте 2006-2010 жылдары болған жағдай. Сондықтан университеттің сол кездегі басшылығы жауап береді. Университеттің жаңа басшылығына шыққан жоқпын, маған сол жердегі студенттер, белсенді азаматтар телефон шалып, мәселені көтеруімді өтінді. Менім ойымша, университеттің жаңа басшылығы бұл мәселеден тыс қалмайды. Олар да қамданады деп ойлаймын. Бірақ тағы қайталап айтамын, бұл университеттің бұрынғы басшылығы кезінде, яғни 2006-2010 жылдары болған оқиға», – деп нақтылады.
Мәжілісмен Бас прокуратураға және капиталды қайтару жөніндегі комиссияның төрағасы Олжас Бектеновке ресми хат дайындап жатқанын және мәселені бақылауында ұстайтынын айтты.
ҚазҰАЗУ-дың активтерін қайтару қажет
2001-2022 жылдары ҚазҰАЗУ-дың мың орындық студенттік 3 жатақханасы, ауданы 18,828 шаршы метрді құрайтын 5 оқу-зерттеу корпусы, 700 шаршы метр әкімшілік шаруашылық ғимараттар, өзге де жылжымайтын мүлік, университетке іргелес жатқан 5 гектар жер телімі, Алматы облысының Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында орналасқан университеттің 12 гектар оқу-тәжірибелік шаруашылық жері заңсыз жекешелендірілген. Бұл дерек Ерлан Сайыровтың 2023 жылғы депутаттық сауалында көрсетілді.
«Осы ғимараттарды иеленген заңды тұлғалар оқу корпустарының аумағында тұрғын үй кешендерін салып, студенттердің, оқытушылардың мазасын алып, жатақханаларды қонақүй етіп қайта жабдықтап, караоке, басқа да түнгі ойын-сауық орындарын жасап, жын ойнаққа айналдырған. Кейбір оқу корпустары бизнес орталықтары болып шыға келген. Аталған фактілер жеткіншек ұрпақтың моральдық-рухани әлеміне ойсырата жасалған соққы. Әділеттілік, ұят принциптерін таптау болып табылады. Университет ұжымы активтерді сату немесе оларды сенімгерлік басқаруға беру 2001-2022 жылы болғандығын айтып отыр және осы кезде болған лауазымды адамдарды заң жүзінде жауапқа тартуды сұрайды», – деді депутат сауалын жариялағанда
Бұл фактілерді жоғару оқу орнының баспасөз қызметі растады және мойындады.
«БАҚ өкілдеріне ашықпыз»
Ерлан Сайыровтың соңғы мәлімдемесіне қатысты университеттің ұстанымы қандай екенін білу үшін жоғару оқу орнының баспасөз хатшысы Қайым-Мұнар Табеевке хабарластық. Ол мәжіліс депутаты жоғары оқу орнына өзінің бастамасымен келіп кеткен атап өтіп: «Біз оқиғаның қоғамда ашық талқылануын қолдаймыз және әрқашан БАҚ өкілдеріне ашықпыз», – деп қысқа қайырды.
«Ирида Инвестің» иесі кім?
Egov-та көрсетілгендей, «Ирида Инвест» ЖШС 2018 жылғы 25 шілдеде тіркелген. Компанияның құрылтайшысы да, жетекшісі де Баимбетова Динара Алматқызы. Компанияның негізгі қызметі: 1, 2 санаттағы стационарлық сауда нысандарына жатпайтын ғимарат салу.
Rams Qazaqstan немен айналысады?
Бұл компания алғаш рет 1997 жылғы 5 мамырда тіркеліп, 2006 жылғы 25 желтоқсанда қайта тіркеуден өткен. Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысымен айналысады. Ал қызмет түрінде құрылыста қолданылатын пластмасса бұйымдарын өндіру деп жазылған.
Айта кетейік, бұған дейін Санжар Боқаев Instagram парақшасында Rams Qazaqstan құрылыс компаниясы салған Алматыдағы Rams city тұрғын үй кешенінің сапасы сын көтермейтінін көрсеткен болатын. Өз кезегінде компанияның баспасөз қызметі С.Боқаевқа жауап беріп, тұрғын үй құрылысының сапалы екеніне дәлел келтірген.