Үкімет Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарын бекітті
Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Астана агломерациясының аумағы туралы баяндады. Оның айтуынша, елорда агломерациясына Астана және Қосшы қаласымен бірге Ақмола облысындағы үш ауданның 40-тан астам елдімекені кіреді.
2035 жылға қарай Астана тұрғындарының саны 2,3 млн адамға артады
Соңғы 10 жылда Астана тұрғындарының саны 46%-ға өскен. Бұл ретте, болжамды деректерге сәйкес, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,3 млн адамға дейін артады.
«Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарында 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген. Аталған жоспар қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған», – деді Байбазаров.
Эко қалашықтар құру көзделген
Мәселен, агломерацияны аумақтық дамыту шеңберінде елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын сәйкестендіретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Жалпы ауданы 940 гектардан асатын эко қалашықтар құру көзделіп отыр, олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынатын болады.
Агломерацияның көлік-логистикалық инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында электровоздарға қызмет көрсететін логистикалық 6 кешен мен сервистік орталық салу, сондай-ақ қала маңындағы тұрақты маршруттарды субсидиялау шаралары қарастырылған.
Елорда маңында орналасқан елдімекендерді қалаға қосу жоспарда бар ма?
Бұл туралы Үкімет кулуарында тілшілер Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектен сұрады.
«Биыл қаңтарда 2035 жылға дейін Астана қаласының дамытудың бас жоспары бекітілді. Сондықтан осы құжат негізінде мәлімдеме жасай алмаймын. Құжатқа сәйкес, осы кезеңде Қосшыны Астана қаласына қосу жоспарланбаған», – деді шаһар әкімі.
Сонымен қатар алдағы уақытта елордаға жақын орналасқан елдімекендерді де қалаға қосу жоспарда жоқ екенін атап өтті.
«Біз Ильинка, Үркер елді мекендері қалаға тиіп тұрғанын білеміз. Олар бір елдімекен, ортасын жол бөліп тұр. Ильинкада тұратын балалар Үркерде оқып жатыр. Қазір Ильинкада 2 мектеп салып жатырмыз. Себебі онда 30 мыңнан аса адам тұрады. Жалпы бұл бір елдімекен. Алдағы уақытта осындай мәселе туындауы мүмкін. Алайда қазір ресми түрде ондай құжат жоқ», – деп түйіндеді қала әкімі.
Ақмола облысы су тасқынына дайын ба?
Бұл туралы кулуарда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов айтты.
«Біздің қолымыздан келетіні қарды шығару, өзен арналарын тазарту», – деген өңір басшысы жақында осыған қатысты көшпелі отырыс өткізгенін жеткізді.
Жиында су қой қоймалары мен су тасқынына дайындық мәселері қаралды.
Еске сала кетсек, Агломерация туралы заң жобасы 2022 жылдан бері талқыланып келеді. Оның аясында өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі.