Алматыда наурыздан бастап электр энергиясы қымбаттайды. Бұл жайлы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
Басқарма басшысының хабарлауынша, Алматыда халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын 315 мың адам тұрады.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде әкімнің тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мөлшері 0,5 айлық есептік көрсеткішті (1725 теңге) құрайтын төлем коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне байланысты өседі. Бұл өзгеріс халықтың әлеуметтік осал топтарының 8 жекелеген санатына енгізіліп жатыр», – дейді Жаубасов.
Мәселен, 2023 жылғы 1 қарашадан бастап электр энергиясына бағаның өсуіне байланысты әлеуметтік көмек мөлшері 0,6 АЕК-ке яғни, 2070 теңгеге көтерілген.
2023 жылы осы көмек түрін көрсетуге 1,4 млрд теңге қаражат бөлініп, ол қаладағы 315 мың адамның 133 мыңына көрсетілген. Ал 2024 жылы жергілікті бюджеттен 0,6 АЕК мөлшерінде өтемақы төлеу үшін 4,1 млрд теңге бөлініп отыр.
Сонымен бірге Жаубасов 2024 жылдың наурыз айынан бастап 1 кВт үшін электр энергиясының бағасы өзгеретінін айтты. Жеке тұлғалардың «электр энергиясын бірыңғай сатып алушы» моделі үшін 23,13 теңгеден 25,55 теңгеге дейін көтеріледі.
«ХӘОТ қосымша әлеуметтік қолдау шараларын көрсету және қаржылық жүктемені азайту үшін қолданыстағы әлеуметтік көмектің мөлшерін 2024 жылғы 1 наурыздан бастап, ережелерге тиісті өзгерістер енгізе отырып, 0,75 АЕК-ке яғни 2769 теңгеге дейін арттыру ұсынылып отыр. Айырмашылық 0,15 АЕК (553 теңге) электр энергиясы бағасының есептік өсуін толығымен жабады», – дейді басқарманың басшысы.
Еске сала кетсек, Алматы қалалық мәслихаты осыған дейін коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекіткен. Сөйтіп халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы мөлшері белгіленген.
Қағида Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметке тарифтердің өсуіне байланысты әзірленген.
«Қазіргі уақытта қалада халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатына жататын 315 430 азамат тұрады, оның ішінде: жасы бойынша 237 740 зейнеткер, 35 562 көпбалалы ана және көпбалалы отбасы, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28 433 адам, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 8 591 отбасы, мемлекеттік мекемелерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың 534 отбасы, ҰОС 54 ардагері, басқа мемлекеттер аумағындағы 2 987 жауынгерлік іс-қимыл ардагері, сонымен қатар жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1 538 адам бар»,– делінген баспасөз хабарламасында.
Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы ХӘОТ өтініші бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін ай сайын 0,5 АЕК (1725 теңге) мөлшерінде төленеді. Бұл сома 12 қызмет бойынша тарифтердің өсуіне қатысты беріледі.