Жаңа уақыт белдеуіне ауысу: 1 наурызда мемлекеттік электронды порталдарда қызмет көрсету уақытша тоқтайды
Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты 1 наурызда мемлекеттік электронды порталдарда қызмет көрсету уақытша қолжетімсіз болады. Бұл жайлы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Қоғаммен байланыс басқармасы хабарлады.
«Бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшуге байланысты 2024 жылғы 29 ақпанда сағат 22:00-ден 2024 жылғы 1 наурызда 02:00-ге дейін техникалық жұмыстар жүргізіледі»,– делінген хабарламада.
Бұл аралықта мына порталдар бойынша қызмет көрсетілмейді:
- eGov.kz порталы және оның құрамдас бөліктері;
- egov mobile мобильді қосымшасы;
- «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі;
- «Техникалық бақылау» бірыңғай ақпараттық жүйесі;
- «e-Otinish» электрондық өтініштер қызметі.
Сонымен бірге «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүргізетін басқа да ақпараттық жүйелер мен мемлекеттік дерекқорлардан мәлімет алу уақытша тоқтайды.
Еске сала кетсек, үкіметтің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында уақыт белдеуі ауысады. Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.
Бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылады. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытады.
2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық аймақтар бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Соған орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі арнайы нұсқаулық әзірледі. Уақыт автоматты түрде жаңа уақыт белдеуіне көшу үшін құрылғыларды бағдарламалық жасақтамасын соңғы нұсқаға дейін жаңарту қажет.