Педагогика, медицина мамандығы бойынша білім алатын студенттер қашықтан оқи алмайды – министрлік бұйрығы

Жарияланды
қашықтықтан
Ұстаздар мен дәрігерлерді қашықтықтан оқыту арқылы даярлау туралы норма заңнан аылынып тасталмақ /Коллаж: kursiv.media

Ғылым және жоғары білім министрлігі қашықтықтан оқыту талаптарын өзгертеді. Оған сәйкес педагогтер мен медицина саласы бойынша білім алатын студенттер қашықтан оқи алмайды. Министрдің тиісті бұйрығы «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.

«ЖЖОКБҰ-да құқық, хореография, аспаптық орындау, авиациялық техника мен технологиялар, құрылыс, теңіз техникасы мен технологиялары, әскери іс, ветеринария саласындағы кадрларды даярлау үшін оқытудың барлық кезеңінде пәндердің жалпы санынан жиырма пайыздан аспайтын көлемінде қашықтан оқытуға ауыстыру көзделеді»,- делінген ұсынылған құжатта.

Ал қолданыстағы құжатта аталған мамандықтар арасында педагогика мен денсаулық сақтау саласы да болатын. Құжаттың түсіндірмесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 26 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында осындай өзгеріс енгізу көзделгені айтылған.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 37-2-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ЖЖОКБҰ-да педагогикалық ғылымдар және денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлау үшін қашықтан оқытуға жол берілмейді»,- деп нақтыланған құжат түсіндірмесінде.

Ал сабақтар оқытудың синхронды форматы арқылы жүргізілмек. Дегенмен, жаппай ашық онлайн курстарын қолдану арқылы игеру көзделген пәндері де бар.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Елдегі статистикаға тоқтала кетсек, Қазақстанда шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Бұл жайлы өткен жылғы Республикалық педагогтер съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Президент бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналғанын атап өтті. Сондықтан, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет екенін айтты. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болатынын айтқан мемлекет басшысы білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуды тапсырған.

Президент елімізде 5 мың педагог жетіспейтінін, бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді және мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар екен.

Сондай-ақ оқыңыз