Әлия Назарбаеваға қарсы рейдерлікке қатысты арыз Активтерді қайтару жөніндегі комитетке жолданды
Әлия Назарбаеваға қарсы арыз Активтерді қайтару жөніндегі комитетке жолданды. Ұлттық баспасөз клубында осы тақырыпқа қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева мен Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Роговтың әйелі Валентина Рогова рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталуда.
«2003 жылы танымал әулет өкілі өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион долларды құрайтын (2003 жылғы есеп бойынша) жеті мұнай базасын тартып алды. Сонымен қатар 96 жанармай құю станциясынан тұратын жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды меншіктеді», – деп жазылған хабарламада.
Ұйымдастырушылардың ақпаратынша, күдіктілер бұрынғы иелерін түрмеге қамап, күш көрсетеміз деп қорқытқан. Тіпті күндіз Алматының орталығындағы кәсіп иелерінің бірінің әкесін ұрлап кеткен.
«Куәгерлердің айтуынша, ұрлауға құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін. Сыбайластар қатарында Валентина Рогова болды. Игорь Иванович Роговтың әйелі, аталған тұлға мемлекеттік қызметтер атқарған. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Президенттің көмекшісі, Президенттің кеңесшісі және басқа да көптеген мемлекеттік қызметтерді атқарған», – деп жазылған Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты туралы хабарландыруда.
Жиында сөз сөйлеген «ТПК Азия» ЖШС иесі Нұрлан Бимурзин Әлия Назарбаеваға қарсы рейдерлікке қатысты арыз Активтерді қайтару жөніндегі комитетке жолданғанын жеткізді.
Еске сала кетсек, Әлия Назарбаеваның есімі бірнеше даулы іске қатысты қатар аталып жүр. Оның бірі – утиль алымы.
Бұған дейін Ерлан Саиров Әлия Назарбаева сот алдында жауап беріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі керек, деп мәлімдеген. Халық қалаулысы Конституция алдында барлық азаматтың тең екенін алға тартты.
«Қазақстан Республикасының 14 бабында «Заң және сот алдында азаматтардың барлығы тең» деп жазылған. Бүгінгі таңда біз осы Конституциялық норманың Қазақстанның түкпір-түкпірінде және барлық кабинеттерінде жүзеге асуын қамтамасыз етуіміз керек. Сол кезде ғана құқық саласында әділеттілік орнайды. Енді бұл мәселені біз ашық айтпасақ, онда елімізде құқық саласында ешқандай прецедент болмайды. Біз қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық, бүкпесіз айтып үйренуіміз керек деп ойлаймын», – дейді депутат.
Депутат Бас прокуратураның бұл мәселеге назарын аудару мақсатында сауал жолдағанын айтты. Алайда Әлия Назарбаеваны жауапқа тарту оңай болмайтын секілді.
2024 жылдың 15 ақпанында Ұлттық компания экс-президенттің қызына тиесілі Instant Payments компаниясымен жасаған келісімшартын бұзды. Оның компаниясы теміржол билетін сату құқығынан айырылды. Бұл туралы ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов айтты.