Apple компаниясы электромобиль шығару жобасын тоқтатады

Жарияланды
Apple компаниясы электромобилді құрастыру жобасын тоқтатады/ Фото: REUTERS/Mike Segar/File Photo

Apple компаниясы миллиондаған доллар мен он жылға жуық уақытын сарп еткен электромобильді құрастыру жобасын тоқтатады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі компанияның дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, бұл жобадан бас тарту тіпті қызметкерлер үшін де күтпеген жаңалық болды. Енді электромобиль бойынша жұмыс істейтін команда генеративті жасанды интеллект жобаларына ауысады. Ал компанияның құнды қағаздары бұл жаңалықтан соң, оң нәтиже көрсетуде.

Толығырақ

Сейсенбі күні Apple компаниясының басшылығы қызметкерлерге электромобиль жасауды тоқтату туралы шешімін жеткізді деп жазды Bloomberg. Бұл шешім жоба бойынша жұмыс істеген 2000-ға жуық адам үшін күтпеген жағдай болды. Енді команданың көп бөлігі жасанды интеллект (AI) әзірлеу бөліміне ауысады.

Агенттіктің хабарлауынша, электромобиль жобасында жұмыс істеген жүздеген дизайнер мен инженер басқа бөлімшелерде жаңа орындарын таба алады. Кейбір адамдар жұмыстан шығарылуы мүмкін, бірақ қысқартулардың ауқымы әлі анық емес.

Ресми түрде Apple компаниясы электромобиль жобасы жабылды деп әлі растаған жоқ.

Электромобиль жобасы

Apple компаниясына электромобиль жасау мүлдем жаңа сала болды. Bloomberg бұл компания үшін ең қымбат және проблемалы жобалардың бірі екенін жазды. Электромобиль бойынша жұмыс  2014 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде команда, стратегия және мерзім бойынша көптеген өзгерістерді бастан кешті. Apple бұл жобаға қыруар қаржы жұмсады, бірақ көліктің толық  прототипін көрсетпеді.

Apple көліктің бағасы шамамен 100 мың доллар көлемінде болады деп болжады. Ал электромобильді нарыққа шығару 2028 жылға жоспарланды. Бірақ компания  басшылығы электромобиль басқа Apple өнімдері сияқты жақсы көрсеткіштерді қамтамасыз ете ала ма деп күмәнданды. Тиісінше, компания жыл сайын жарық көрмейтін өнімге жүздеген миллион доллар салуды жалғастыру қаншалықты орынды екеніне күмән келтіре бастаған.

Нарық

Apple компаниясының шешіміне электромобиль нарығындағы сұраныстың төмендеуі де әсер етуі мүмкін деп жазады Reuters. Басылым Ford, General Motors және Mercedes сияқты ірі автокөлік концерндері электромобильдер шығару бойынша жоспарларын қысқартып жатыр. Тіпті Тесла компаниясы биыл  сұраныстың айтарлықтай баяулайтынын ескертті.

Bloomberg хабарлауынша, Apple компаниясының қымбат жобадан бас тарту туралы шешімі инвесторларға жеңілдік әкелді. Бұл жаңалықтар шыққаннан кейін Apple акциялары 1,5% – ға өсті. Сауда-саттықтың жабылу кезінде 0,8% – ға дейін баяулады.

Bloomberg Intelligence сарапшылары Анураг Рана мен Эндрю Жирар: «Біз Apple компаниясының электромобильдерден бас тарту және ресурстарды генеративті AI — ге ауыстыру туралы шешімін жақсы стратегиялық қадам деп санаймыз», – деп жазды.

2 ақпан күні АҚШ-та бағасы 3500 доллар тұратын Apple Vision Pro кеңейтілген шындық гарнитурасының сатылымы басталған болатын. Бұл өнімді қазақстандықтар Kaspi-де сатып ала алады.

Сондай-ақ оқыңыз