Жаңалықтар

Sony компаниясы PlayStation бөлімшесінің  қызметкерлерін қысқартады

Sony қызметкерлерді қысқартады / shutterstock

Sony компаниясы PlayStation ойын бөлімінің 900 қызметкерін қысқартпақ. Бұл туралы компанияның сайтында хабарланды.

Қабылданған шешімді Sony Interactive Entertainment бас директоры Джим Райан өз қызметкерлеріне пошта арқылы хабарлаған.

«Біз бүкіл әлем бойынша қызметкерлердің жалпы санын 8% – ға немесе шамамен 900 адамға қысқарту жайлы өте күрделі шешім қабылдадық»,- делінген хабарламада.

PlayStation London Studioсы толық жабылады. Қысқарту Ливепульдегі Firesprite студиясына, Оңтүстік және Солтүстік Америкадағы, Жапониядағы және Азия-Тынық мұхитындағы бөлімшелерге де әсер етеді.

Компанияның мәлімдемесіне сәйкес, бұл шешім одан әрі табысқа жетуге кепілдік беретін ресурстарды оңтайландыру үшін қабылданды.

2022 жылы америкалық компанияларда қызметкерлерді жаппай қысқарту басталды. Бұл ең алдымен, макроэкономикалық және геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты болды. АҚШ компаниялары ықтимал рецессиядан қорқады. Осыған орай компаниялар шығындарды азайтып, қызметкерлер санын қысқартуға мәжбүр.

Бұған дейін Discord қызметкерлердің 17% -ын қысқарту туралы хабарлады. Google Alphabet Inc. бір жыл ішінде 12 мың адамды жұмыстан шығарды (қызметкерлердің жалпы санының 6%-ы). Spotify штаттың шамамен 10% -ын қысқарту туралы мәлімдеді.

Айта кетейік, Rivian компаниясы да сұраныстың төмендеуіне байланысты қызметкерлерінің 10%-ын қысқартады.

Сонымен қатар, Microsoft Gaming жетекшісі Фил Спенсер бейне ойын бөлімшесіндегі 1,9 мың қызметкері жұмыстан шығатыны туралы мәлімдеді. Компания негізінен Activision Blizzard бөлімшесінің қызметкерлерін жұмыстан шығарады. Оны Microsoft өткен жылы 69 миллиард долларға сатып алған болатын. Жалпы Microsoft компаниясы соңғы үш жылда 68 мың қызметкерді жұмыстан шығарды.

Еске сала кетейік, 2023 жылы әлемдегі ең ірі банктер 60 мыңнан астам қызметкерін қысқартты.