Қаржылық мониторинг агенттігі: 276 миллиард теңге көлемінде активтер мемлекетке қайтарылды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі

Қаржылық мониторинг агенттігі 276 миллиард теңге көлемінде активтерді мемлекетке қайтарды / Архив: kursiv.media

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховты қабылдады.

Дмитрий Малаховтың айтуынша, қылмыстық жолмен түскен кірістерді жылыстатуға қарсы күрес саласында 5,7 мыңнан астам тұтынушымен іскерлік қарым-қатынас тоқтатылған. Сонымен қатар криптовалюта айырбастайтын 1,5 мыңнан аса заңсыз онлайн-сервис анықталып, бұғатталған. Тағы 49 заңсыз майнер әшкереленген. Қазір оларға қатысты тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаржы аударуға қатысты 1,2 мың әрекет анықталды. Оларға шектеу қойылған.

«41 қаржы пирамидасы жойылды. Зардап шеккендерге 4,6 миллиард теңге қайтарылды. Алаяқтық белгілері бар 8 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды. 4,8 мың онлайн-казино сайтының қызметі тоқтатылды. Екінші деңгейлі банктермен және қаржы реттеушілерімен бірлесіп, 21 жасқа толмаған азаматтардың букмекерлік кеңселерге төлем жасау мүмкіндігін автоматты түрде шектеу тетігі енгізіліп жатыр», – деді Агенттік төрағасы.

Сондай-ақ 74 миллиард теңге көлемінде негізсіз бюджет шығындарының алды алынған. Заңсыз қолма-қол ақшамен айналысатын 59 «көлеңкелі» алаң қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 7 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған және сотқа дейінгі тергеу амалдарының аясында 141 миллиард теңге көлемінде келтірілген залал өтелген.

Бұған қоса капиталды заңсыз шығаруға қарсы іс-қимыл саласында да ілгері жылжу байқалады.

«Жалпы сомасы 276 млрд теңгені құрайтын активтер қайтарылған. Агенттік алдағы уақытта заңсыз шығарылған активтерді қайтару және адал кәсіпкерлердің ісіне араласпайды. «Көлеңкелі» экономикадағы қылмыстардың жолын кесу жұмыстарына баса мән береді. Қаржылық мониторингті дамыту тұжырымдамасын және Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, жылыстату жүйесін FATF халықаралық стандарттарына толық сәйкестендіру үшін шаралар қабылданады», – деп атап өтті Дмитрий Малахов.

Қасым-Жомарт Тоқаев адал бизнесті қорғау шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өтті. Осы орайда Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Сарапшылардың пікірінше, Активтерді қайтару туралы заң қазақстандық бизнеске салынатын инвестиция өсімін ынталандырады.

Сондай-ақ оқыңыз