Заңнамадағы әділетсіздік салдарынан декларация тапсыратындар саны аз – заңгер

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
Заңнамадағы әділетсіздік салдарынан декларация тапсыратындар саны аз – заңгер / коллаж kursiv.media

Қазақстанда 2023 жылдың аяғында 2 миллионға жуық инвестор тіркелген. Алайда оның ішінде тек 1 673 инвестор ғана өзінің инвестициялық табысы туралы декларация тапсырған. Бұл туралы Алматыда өткен Freedom Tax Talks конференциясында EY салық кеңесшісі Владимир Фесенко айтты

Оның пікірінше, мәселе 10% жоғары мөлшерлемеде емес, салық салу заңнамасындағы әділетсіздікте болып тұр. Сарапшы қазақстандық заңнаманың алты проблемасын атап өтті. 

«Ең маңызды мәселе – бізде инвестициялық қызметтен түскен жиынтық табыс қосылмайды. Яғни брокерлік есебімізді аламыз және оны нарықпен салыстырып, айырмашылықты білеміз. Кейбір эмитенттер құлдырады, кейбірі өсті. Біз таза қаржылық нәтижеге қараймыз. Нені таптық, не жоғалттық. Өзге елдердегі ережелер бойынша инвесторлар шығынға ұшыраса, таза қаржылық нәтижеге қарап, соған салық төлейді. Қазақстанда олай емес. Қандай да бір себептермен барлық зиянды мәмілелерге келіп, тек пайдалы мәмілелерге салық салынады», – дейді Фесенко. 

Өзге елдерде трейдер қандай да бір салық кезеңінде шығынға ұшыраса, оларды келесі кезеңге ауыстыруы мүмкін. Алайда Қазақстанда мұндай ережелер қолданылмайды. Маман мұның екінші маңызды мәселе екенін айтады.

Ал үшінші мәселе – сауда қызметін жүргізу бойынша ілеспе шығыстар есепке алынбайды. Төртінші мәселе, эмитент жеңілдетілген салық салынатын мемлекетте (оффшорда) тіркелген болса, онда инвестор таза емес, жалпы табысқа салық төлеуі керек. 

Бесінші мәселе – жаңа инвестициялық құралдарға (ETF) жалпы кірістен де салық салынады. Алтыншы мәселе – шетелдік салықты есепке алу. Егер инвестор басқа елде салық төлегені туралы растайтын анықтама әкелсе, фискалдық органдар шетелдік салықты есептей алады. 

«Бір бағалы қағаздан сатылым бар. Одан 10 мың пайда алдық, шығын – 4 мың доллар, биржалық алым – 300 доллар, өткен кезеңдегі шығын – 2 мың доллар, яғни барлығын қосқанда таза қаржылық нәтижелерді қоса отырып, 3700 доллар болады. Мәселен, Ұлыбританияда ешқандай салық төлемейміз, өйткені салық салынбайтын шегі бар. Ресейде 13% мөлшерлемемен 481 доллар төлейді. Қазақстанда 10% мөлшерлемемен 1000 доллар төлейміз. Бізде 37% тиімді мөлшерлеме бар екен. Неліктен адамдар жалпыға бірдей декларациядан қорқады? Себебі олар кірістерінің 37%-ын төлегісі келмейді. Сонымен қатар бізде адамдар 100% тиімді салық мөлшерлемесін төлеген жағдайлар бар, яғни адам тапқанының бәрін мемлекетке берді», – деп мысал келтірді Фесенко.

Осы орайда «Кәсіппен айналысатын отбасылар декларация тапсыратын кезең таяды: үшінші кезең туралы нені білуіңіз керек?» деген тақырыпта нұсқаулық әзірлегенімізді айта кетейік.

Декларация қандай формада толтырылады?

Жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде есеп 2 түрлі формада тапсырылады:

  • Активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00 нысан) – жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне қатысқан бірінші жылда бір рет тапсыру ұсынылады;
  • Кірістер мен активтер туралы декларация (270.00 нысан) – жыл сайын тапсырылады.

Декларациялау жүйесіне қосылған кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ішінде мыналар қамтылуы қажет:

  • Шет мемлекеттегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
  • Шетел банктеріндегі шоттарда тұрған ақша;
  • Қазақстаннан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғы капиталына қатысу үлесі;
  • Бағалы қағаздардың, инвестициялық алтынның, 10 000 АЕК-тен жоғары қаражат және т.б.;
  • Меншік құқығындағы өзге де мүлік.

Бұл нысан бойынша есеп тапсырту арқылы жиналған активтер мен мүліктердің бастапқы балансы анықталады. Салық комитетінің базасында ел аумағындағы мүлік туралы ақпарат бар. Сондықтан декларацияда оны көрсетпейсіз. Яғни шетелде әлдебір жылжымалы, жылжымайтын мүлік болса, соны көрсетуіңіз керек. Ал одан кейінгі жылдары декларацияның басқа түрі қосылады. Ол — 270.00 нысан бойынша. Мұнда бір жылда тапқан барлық табыс, алынған мүлік көрсетіледі. Құнды қағаздар, шетел банктерінде жатқан, көлемі 1 000 АЕК-тен асатын қаражат, салық шегерімдері және т.б. туралы ақпарат беріп, оның қандай жолмен келгенін де дәлелдеу қажет.

Демек, егер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап декларация тапсыратын санатқа кірсеңіз, онда Активтер мен міндеттемелер туралы 250.00 нысан бойынша декларация өткізесіз. Одан кейін 270.00 нысан бойынша жыл сайын табыс пен мүлік туралы декларация тапсырып отырасыз. Нысандарды тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша өткізесіз. Егер қағаз түрінде жіберетін болсаңыз, 15 шілдеден кешіктірмеу керек. Ал электронды түрде 15 қыркүйекке дейін қабылданады.   

Сондай-ақ оқыңыз