Бас прокуратура Самат Әбіш ісіне қатысты ақпарат берді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Самат Әбіш ісі сотта қаралып жатыр / Коллаж: Kursiv.media

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіш ісіне қатысты қосымша ақпарат берді.

«Мен тек істің сотта қаралып жатқанын білемін. Ол – Қазақстанда. Бұған дейін одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Қалғанын айта алмаймын. Іс сотта қаралып жатқандықтан, оның мәртебесі сотталушы», – деді Әсет Шындалиев.

Сондай-ақ қылмыстық істе мемлекеттік құпия барын атап өтті.

Былтыр қазан айында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргенін айтты. Оның пікірінше, тергеушілер оның қашып кетпейтініне сенімді болуы мүмкін.

«Тергеу органдары өз тергеу жұмыстарына сүйенеді. Олар оның ешқайда қашпайтынына сенімді болса керек және ол қылмыстық қудалау органдары алдындағы заң бойынша өзіне жүктелген міндеттерінің ешқайсысын бұзбаған болуы мүмкін. Сондықтан оған басқа бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе туындамаған», – деді спикер.

Оның айтуынша, тергеу амалдары жүріп жатыр, басқа тергеу деректері жарияланбайды.

«Самат Әбішке қатысты іс тергеу барысында, тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процесуалдық Кодекс талабына сай, тергеу деректері жарияланбайды. Өткенде Бас прокуратура мәлімет берді. Самат Әбіш елде жүр. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Оған қатысты «Қаңтар оқиғасы» кезінде лауазымды өкілеттілігін асыра пайдаланды деген күдікпен іс қозғалды», – деді Шындалиев Мәжіліс кулуарында,

2023 жылдың қарашасында Самат Әбішке қолданылған бұлтартпау шарасы өзгерген жоқ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлімдеді.

«Қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасы өзгерген жоқ. Ешқайда кетпеу жөніндегі бұлтартпау шарасы өз күшінде. Ешқандай бұлтару немесе жауап беруге келмеу сияқты фактілер болған жоқ. Сол себепті бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ», – деді бас прокурордың орынбасары Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі брифингте.

Жандос Өмірәлиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін тергеліп жатқанын еске салып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Қылмыстық істің егжей-тегжейі мен Әбіштің қаншалықты қатысы бар екені белгісіз. Әзірге бұл қылмыстық іс бойынша Самат Әбіштің заңды мәртебесі туралы нақты мәлімет жоқ.

19 қыркүйек күні Бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қаңтар оқиғасы кезінде лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен тергеуді бастады. Ақпаратқа сәйкес, тергеу барысында құпия құжаттар зерделеніп жатыр. Бас прокуратура Конституцияға заң мен сот алдында барлық азамат тең екенін еске салған болатын.

ҰҚК Төрағасының экс-орынбасары Самат Әбіш 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылған еді. Ал, 2022 жылғы 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмерханов Самат Әбіштен жауап алынып жатқанын хабарлаған.

«Самат Әбіш те тергеу орбитасында. Ол куәлік беріп жатыр, бірақ мен оның статусын білмеймін», – деген еді ол.

ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған болатын. Ол қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Самат Әбіш – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. Ал оның ағасы Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың қыркүйегінде алты жылға сотталған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз