Қазақстанда сағаттың өзгеруі банктер мен қор биржасының жұмысына қалай әсер етеді?
1 наурыздан бастап республиканың біртұтас уақыт белдеуі UTC+5 болады. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық аймақта уақыт өзгереді. Осыған байланысты көптеген қазақстандық банктер клиенттерге техникалық жұмыстар мен уақытша ақаулар болатыны туралы хабарлайды.
Банктердің жұмысында не өзгереді
29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Бұл уақытта елдегі банктердің жұмыстарында кідірістер болуы мүмкін.
Мысалы, Halyk Bank 29 ақпан күні сағат 23:00-ден 1 наурыз күні сағат 8:00-ге дейін Onlinebank-те техникалық жұмыс жүргізетінін ескертті. Сондықтан 1 наурызда кейбір қызметтер қолжетімді болмауы мүмкін. Банктің баспасөз қызметі 29 ақпанға дейін өзара есеп айырысу мен төлемдерді аяқтауға кеңес берді.
Сондай-ақ «ЦентрКредит Банкі» барлық банктік операцияны 29 ақпан күні сағат 23:00-ге дейін аяқтауды сұрады. Әлде бұл жұмыстарды 1 наурыздың таңына ауыстыруды ұсынады. Түнгі уақытта мамандар техникалық жұмыстарды жүргізеді және ақпараттық жүйелер 23:00-ден 02:00-ге дейін жұмыс істемеуі мүмкін.
«Отбасы Банкінің» барлық банк жүйесі 10 сағаттан астам уақыт – 29 ақпан сағат 18:00-ден 1 наурыз күні сағат 08:00-ге дейін мүлдем қолжетімсіз болады. Бұл өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарына да, балама кіру құралдарына да әсер етеді.
Bereke Bank банкі өз клиенттеріне бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша түзетулер болатынын ескертті. Сондықтан B-Bank және B-Business қосымшалары 29 ақпан күні сағат 22:30-дан 1 наурыз сағат 07:00-ге дейін қолжетімді болмауы мүмкін. Сондай-ақ банк шұғыл төлемдер мен аударымдарды алдын ала жасауға кеңес берді. Бірақ филиалдар жаңа уақытты ескере отырып, кесте бойынша (өзгеріссіз) жұмыс істейді.
«Еуразиялық банк» пен «Нұрбанк» 29 наурыздан 1 наурызға қараған түнде банк қызметтерінің жұмысында уақытша үзілістер болатынын ескертті.
Jusan банк те де түнгі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ банк мұны кідіріссіз орындауға ниетті.
«Біздің міндетіміз – бұл өзгеріс біздің клиенттер үшін мүмкіндігінше байқалмай, барлық қызметтің функционалдығы сақталуын қамтамасыз ету», – деді қаржы ұйымы.
Уақыт белдеуінің өзгеруі қор биржаларының жұмысына әсер етпейді
Қазақстан қор биржасы KASE веб-сайты сағат 00:00-ден 04:00-ге дейін істемейді.
Астана халықаралық биржасының сайты үзіліссіз жұмысын жалғастырады. Бірақ «Табыс» қызметінің жұмысы серіктес банктердегі шектеулерге байланысты 29 ақпан күні сағат 23:00-ден 1 наурыз күні сағат 1:00-ге дейін жұмыс істемейді.
Уақыт 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні өзгереді
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның электрондық үкіметінің сайтында да сағат белдеуінің өзгеруіне байланысты техникалық жұмыстар жүргізілуі мүмкін. Ұялы байланыс операторлары 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні байланыста шектеулер болуы мүмкін екенін де ескертті.
2023 жылдың қаңтарында ҚР Сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің (ҚТРМ) төрағасы Қуаныш Елікбаев комитетке елдегі уақыт есебін қайта қарау туралы азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан көптеген өтініш түсіп жатқанын мәлімдеді.
2023 жылдың ақпанында Қазақстан билігі арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына ғылыми институттардың, медициналық университеттердің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, парламент депутаттары кірді.
Сарашылар ең қолайлысы осы деп есептейді
Сарапшылар пікірінше UTC+5 біртұтас уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқа. Бұл уақыт кедергілерін жояды. Әрі көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартады. Сондай-ақ бизнеске, мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің өзара әрекеттестігіне оң әсер етеді.