АМӨЗ басшылығы өкілеттігін теріс пайдаланып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген – ҚМА

Жарияланды
АМӨЗ
ҚМА АМӨЗ-де тексеру жүргізіп, басшылардың өз өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілерін анықтаған / Фото: kursiv.media

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ні Қаржы мониторингі агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен өңірлік прокуратура тексереді. Компания басшылығы өз өкілеттіліктерін теріс пайдаланып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген болуы мүмкін.

«Қаржы мониторингі агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратураның үйлестіруімен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС басшылығына қатысты мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады»,– делінген ҚМА хабарламасында.

Даудың басы

ҚМА істің кімге қатысты басталғанын айтпаған. Бірақ естеріңізде болса, АМӨЗ басшылығы арасында үлкен дау шыққан болатын. АМӨЗ атқарушы директоры қызметіне жаңа тағайындалған Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, АМӨЗ-де болып жатқан келеңсіз жағдайлар туралы баяндады. Ол бір айдан бергі қызметінде зауыт жұмысынан талай қателік анықтағанын айтты. Өзіне қарсы басталған шабуылдың себебі сол екенін мәлімдеді. Ол 2020-2023 жылдар аралығында еншілес компаниялар тобынан жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алу фактісі анықтағанын хабарлады. Бұл сатып алулар көптеген бұзушылықтармен жүзеге асырылған.

Осындай кемшіліктер мен кәсіпорын қызметіндегі көптеген заң бұзушылықтардың анықтаған Ғалымжан Жусанбаев:

«Бұл адамдар менің адал атымды қаралау және өздерінің адал емес әрекеттері туралы фактілерді жасыру мақсатында маған қарсы ақпараттық науқан бастады. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «ҚазМұнайГаз» бас компаниясының басшылығы маған БАҚ арқылы өз ұстанымымды білдіруге тыйым салғандықтан, Сізден көмек сұрауға мәжбүрмін», –деген болатын.

Ол президенттен:

  • Елдегі стратегиялық объектіде жоғарыда аталған бұзушылықтарға объективті және тәуелсіз аудитті бастауға қолдау көрсету және көмек көрсетуді;
  • Өндірістік жоспарлардың орындалуын бұзатын және бригаданың қалыпты жұмысын тұрақсыздандыратын жекелеген зауыт жұмысшыларына шара қолдануды сұраған.

Өз кезегінде зауыттың ескі қызметкерлері Жусанбаевты зауыттың жұмысына кедергі келтірді, төтенше жағдайда қауіпті жағдай туғызды деп айыптады. Жусанбаевтан бұрын АМӨЗ-дің бас инженері Әділет Шошанбасов Мемлекет басшысының атына хат жолдаған болатын.  Ол АМӨЗ басшысының өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп, өз қызметін асыра пайдаланды деп айыптады. Бас инженер болашақта зауыт басшылығы тарапынан қаржылық ұрлық жасалуы мүмкін екенін айтты.

«Директор болып тағайындалған соң, ол қондырғыларды жоспардан тыс тексере бастады. Атқарушы директор өзі фото мен видео жіберіп, онда бейәдеп сөздер қолданатын. Сонымен бірге директор қызметіне келгелі бері компанияға үлкен жалақы тағайындала отырып, барлық бағыттар бойынша 15 кеңесші жұмысқа алынды. Оларға жалақы еңбекақы қорынан төленеді. Бұл компанияның саясатына қайшы келеді»,  – деп жазады Шошанбасов.

«Қазмұнайгаз» қандай шара қолданды?

Осыдан соң, «ҚазМұнайГаз» комиссия құрылып, АМӨЗ-де тексеру жұмысы басталғанын хабарлады. ҚМГ кәсіпорын туралы ақпаратты жан-жақты зерттеп жатқанын, АМӨЗ-дің өндірістік, қаржылық, құқықтық қызметіне тексеру жүргізілетінін хабарлады. ҚМГ барлық туындаған мәселені зауыт қызметкерлерімен ашық талқылайтынын жеткізді. Көп ұзамай, комиссия Ғалымжан Жусанбаев пен Әділет Шошанбасовты қызметінен босату туралы шешім қабылдады.

Өз кезегінде Жусанбаев жұмыстан босатылуын заңсыз деп санап, аяқ асты болған құқығын қалпына келтіру үшін Атырау облысының прокуратурасына жүгінді.

«Мен бұл шешімді заңсыз және негізсіз деп есептеймін. Тексерудің басталуы мен комиссияның құрылғаны туралы ештеңе білмедім. Мені комиссия отырысына шақырмады және тыңдамады, комиссияның хаттамалық шешімімен таныспадым. Шешім менің уақытша еңбекке жарамсыздығым кезінде қабылданғандықтан, комиссияның және жоғары тұрған органның әрекетін заңсыз деп санаймын… Жоғарыда айтылғанға байланысты, өтінішімді тексеріп, менің бұзылған құқығымды қалпына келтіруіңізді сұраймын», – деп мәлімдеді зауыттың экс-басшысы.

Осындай дау-дамайдан кейін Қаржы мониторингі агенттігі мен прокуратура тексеруге кірісіп, жоғарыда аталған фактілерді анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз