DeGolyer & MacNaughton зерттеуі: «ҚазМұнайГаздың» мұнай қоры 3,7%-ға артқан

Жарияланды
көмірсутек көлемі
«ҚазМұнайГаздың» 2Р қорларындағы көмірсутек көлемі 733 млн тоннаны құраған / Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаздың» 2Р қорларындағы көмірсутек көлемі 3,7%-ға артқан. Бұл жайлы компанияның баcпасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша халықаралық тәуелсіз DeGolyer & MacNaughton компаниясы қорларға аудит жүргізген. Оған сәйкес PRMS халықаралық стандартымен 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ҚМГ көмірсутектерінің дәлелденген ықтимал қоры анықталған. Солайша көмірсутек көлемі 733 млн тонна немесе 5 680 млн баррель мұнай эквивалентіне тең болып шыққан.

«Бұл көлем 2022 жылмен салыстырғанда 2Р қорларының деңгейінің 3,7% өскенін көрсетеді», – деп хабарлайды компания.

Бұл көрсеткіштің өсуіне геологиялық-техникалық іс-шаралар көлемін ұлғайту айтарлықтай әсер еткен. Сонымен бірге ұңғымаларды бұрғылау және операциялық активтердегі өндірісті толықтыруға бағытталған игеру жоспарларының өзгеруі оң ықпалын тигізген. Сондай-ақ компания Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеру жоспарларын іске асыруда нақтылау шараларын жүзеге асырып, оң нәтижеге қол жеткізген.

Жалпы «ҚазМұнайГаз» 2023 жылы мұнай-газ өндіру мен тасымалдау көлемін арттырған. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы 2023 жылы 23,5 мл тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,9 пайызға артық. Ал ілеспе және табиғи газ өндіру көлемі (кері айдау көлеміне дейін) 14,8%-ға артып, 9,46 млрд текше метрді құраған.

2023 жылы компания өндірген мұнай мен газ конденсатын сату көлемі 7,1%-ға артып, 23,7 млн тоннаны құраған.

Ал былтыр «ҚазМұнайГаздың» компаниялар тобы 2023 жылдың 9 айында 17,5 млн тонна мұнай мен конденсат өндірген. Компанияның 2023 жылғы бірінші тоқсандағы басты өндірістік көрсеткіштері де нәтижелі болған. Бұл кезеңде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 8,7%-ға артып, 5 961 мың тоннаға жетсе, мұнай тасымалдау көлемі 3,0%-ға ұлғайып, 18 858 мың тоннаны құраған. 

Сондай-ақ оқыңыз