Мәжіліс мақұлдады: байланыс операторлары мүгедектігі бар адамдарға жеңілдік беруге міндеттеледі

Жарияланды
Заң қабылданса, байланыс оперторлары мүгедектігі бар адамдарға жеңілдікті тарифтер ұсынатын болады / Фото: kursiv.media

Байланыс оперторлары мүгедектігі бар адамдарға жеңілдікті тарифтер беруге міндеттеледі. Мәжілісте депутаттар тиісті заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.

Депутаттар әзірлеген заң жобасы негізінде 36 заңнамалық актіге, оның ішінде 8 кодекске және 28 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Депутат Екатерина Смышляева заң жобасы негізінде елдің шалғай өңірлерін интернетпен қамту мүмкіндігі кеңейіп, жолдағы байланыс инфрақұрылымдарының жақсартуға мүмкіндік туатынын айтты.

«Пилоттық жоба шеңберінде геостационарлық емес OneWeb, Starlink спутниктерін пайдалана отырып, байланыс технологияларын реттеу көзделеді. Мұны байланыс саласындағы уәкілетті орган және Ұлттық қауіпсіздік комитеті айқындайды. Бұл шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандарды интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді«,– деді депутат Екатерина Смышляева.

Сонымен бірге депутат заң аясында байланыс саласындағы уәкілетті органның байланыс операторларын мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдік беруді міндеттей алатынын атап өтті.

«Мүгедектігі бар адамдарды қолдау үшін байланыс саласындағы өкілетті орган байланыс операторларының жеңілдікті тарифтер беру жөніндегі міндеттемелерін белгілейді. Сонымен бірге байланыс операторлары өз желілерінде хабарламалардың кең форматты таралуын қамтамасыз етуге міндеттеледі. Яғни біз Алматыда болған жер сілкінісі секілді төтенше жағдайларда жіберілетін хабарламалардың жылдам таратылуы туралы айтып отырмыз», – деді Смышляева.

Сонымен бірге заң аясында байланыс желілерін орналастыру орындары айқындалады. Қазақстанның автожолдарында телекоммуникация желілерінің жұмыс істеуі үшін арнайы инфрақұрылым құрылады. Заң жобасында цифрландыру кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидия беру мәселесі қамтылған. Яғни ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілерінде байланыс қызметтеріне мемлекет қолдау көрсетпек.

Сондай-ақ алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары қадағаланады. Ол нормаға сәйкес, антифрод-орталықтарының құқықтық мәртебесі мен функцияларын заңнамалық негізде бекіту көзделген.

Заңда орман қорын күзетуді, қорғауды, пайдалануды, ормандарды молықтыруды және орман өсіруді қамтамасыз ету саласына да оң әсер ететін нормалар қарастырылған.

Еске сала кетсек, 12 ақпанда Мәжілісте «Орман өрттерінің алдын алу және олармен күрес» тақырыбы талқыланған болатын. Сонда депутат Ерлан Саиров орман шаурашылықтарында интернеттің жоқ екенін, егер шаруашылықтар интернетпен қамтылған болса, Абай облысында болған өртте қаза болған азаматтарды құтқару мүмкіндігі жоғары болатынын айтқан еді.

Депутатқа берген жауабында Цифрлық министрлік өкілі жалпы ормандарды интернетпен және ұялы байланыспен қамту мүмкін еместігін, бірақ 2000 ауыл мектептерін спутниктік интернетпен қамту шаралары жүргізіліп жатқанын, дәл осындай тәсілмен орман шаруашылықтарын да интернетке қосу мәселесін қарастыруға болатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз