«Самұрық-Қазына» Қатар инвесторына сатылатын Tele2 үшін 50 млрд теңгеге мұнаралар салуға ниетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
"Самұрық-Қазына"
«Самұрық-Қазына» байланыс мұнарасын орнатуға тендер жариялады. Фото: kursiv.media

Қатар инвесторына сатылатын Аltel/Tele2 байланыс операторлары үшін аймақтарда мұнаралары салынбақ. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның сатып алу порталында «Мобайл Телеком -Сервис» ЖШС 20 лот орналастырды. Бұл ЖШС жеке оператор ретінде жұмыс істейтін Tele2 және Altel брендтеріне иелік етеді.

Ашық тендер 17 облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтпек. Лоттардың жалпы сомасы – 51 036 434 000 теңге. Талқылау 5 ақпанда аяқталады. Құрылыс мерзімі шартқа қол қойылған күннен бастан 2026 жылдың маусым айында аяқталуы тиіс.

Әрбір лотта сатып алу нысанасы ретінде «толық біткен» кешенді құрылыс жұмысы көрсетілген. Техникалық құжаттамада мердігер базалық станцияларды жобалау және орнату, оның ішінде ішкі антенна жүйелері, антенналық діңгек құрылымдарын, сыртқы электрмен жабдықтау және талшықты-оптикалық байланыс желілерін жобалау және орнату қажеті жазылған. Сондай-ақ жабдық 5G байланыс стандартына сай болуы керек.

Цифрлық даму министрлігі 2022 жылдың желтоқсан айында өткізген конкурс шарттарына сәйкес, 5G жиілігіне құқық алған операторлар 2027 жылға қарай ел аумағында 7 мың базалық станция орнатуға міндеттенді. Сигнал республикалық маңызы бар қалалар аумағының 75 пайызын және облыс орталықтарында 60 пайызын қамтуы тиіс.

Осы конкурсты «Мобайл Телеком -Сервис» пен Kcell жеңіп алған. «Мобайл Телеком Сервис» жалғыз акционері – «Қазақтелеком» АҚ. «Қазақтелеком» сонымен қатар, Kcell компаниясының 51% акциясына ие. Kcell компаниясына Kcell мен Activ байланыс опетаролары тиесілі екен белгілі. Ал «Қазақтелекомның» 79,24% акциясына «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры иелік етеді.

Аltel мен Tele2-ні сату жайы

«Қазақтелеком» құрылымындағы операторлардың бірін жеке инвесторға сату жайлы әңгіме былтыр жазда айтыла бастаған. Өйткені компания нарықта монополистке айналып, абоненттер саны бойынша компанияның үлесі 70%-ға жетсе, ұялы байланыс сегментінде 60%-дан асқан.

2023 жылы «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС компаниясына голландиялық компания делдалдығынсыз тікелей иелік ете бастаған.

«Қазақтелеком» жыл соңына дейін Tele 2 мен Altel операторларын сататыны қаңтар айында белгілі болды. Бұл туралы Үкіметтің «Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» қаулысына енгізілетін өзгерістер жобасында жазылған.

Қатардың Power International Holding холдингі Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға ресми сапары барсында тараптар осындай келісімге келген.

Сондай-ақ оқыңыз