2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,02 трлн теңге көлемінде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали айтты.
Оның айтуынша, былтыр жемқорлыққа қатысты 1692 қылмыс тіркеліп, 1324 адам әшкереленген. Оның 161 түрлі деңгейдегі басшылар. 1221 іс сотқа жіберілген.
«Ұлттық банктің «Цифрлық теңге» жобасы арқылы «ақшаны бояу» тетігін енгізу мәселесі пысықталды. Қазіргі уақытта Цифрлық теңге пилоттық режимде Алматы қаласындағы мектептердің бірінде іске асырылып жатыр. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International (Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) рейтингінде 8 позицияға көтеріліп, 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, агенттік басшысы президентке «ӨКМ» операторы» ЖШС-не қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша Қостанай және Қарағанды облыстарындағы жалпы құны шамамен 20 миллиард теңге болатын 2 зауыт мемлекет меншігіне өткені және Қ.Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында биыл ақпан айында бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 млн АҚШ доллары) түскені туралы айтып берген.
Асхат Жұмағалидің сөзінше, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сомасы 2 млрд теңгеден асатын тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеру тәуекелдеріне жол берілмей, 10 мыңға жуық азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілген.
Заңсыз иемденілген активтер
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құру көзделген еді. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.
Жақында Қаржы министрлігі осы активті басқару тәртібін бекітті. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.
Президент жарлығымен заңсыз иемденілген активтерді заңды жолмен қайтаратын арнайы мемлекеттік мекеме құрылды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанына құрылған «Активтерді қайтару жөніндегі комитет» өз жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті заңсыз сатып алынған мүлікті қайтару жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мемлекет мүддесі үшін мүлікті қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ведомство саналады»,–делінген құжатта.
Комитет өз қызметін Конституцияға, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, Қазақстан Республикасының заңдарына, Президент актілеріне және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сүйене отырып жүзеге асырады.