Мобильді аударымдар қалай тексерілетіні мамыр айында ғана белгілі болады
Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов мобильді аударымдарды тексеру бойынша түпкілікті шешім қашан қабылданатынын айтты.
«Жаңа Салық кодексін енгізу мерзімі – мамыр айына белгіленген. Мамыр айында жоба дайын болғанда, мобильді аударымдарға қатысты шешім шығады. Қазір бір жағынан бизнестің алаңдаушылығын жою үшін, екінші жағынан, бюджет кірісін жоғалтып алмау үшін әртүрлі нұсқалар қарастырылуда», – деді Жақсылықов Сенат кулуарында.
Ол жобаны әзірлеушілер, аударымдар жалпы сомасы 1 млн теңгеден аспайтын болса, мобильді аударымдарды тексермеу мүмкіндігін қарастырып жатқанын растады. Бұған дейін Мәжілісте «Ақжол» партиясының депутаттары осындай ұсыныс жасаған болатын.
Бұған қоса, Жақсылықов кәсіпкерлердің бір бөлігі қолма-қол ақшаға көшкенін, бірақ олар қазір шығынға ұшырап жатқанын айтады.
«Клиенттер онлайн төлемге үйренген, қолма-қол алып жүрмейтіндіктен, онлайн төлем жасауға мүмкіндік беретін кәсіпкерлерге барады», – деді вице-министр.
Мобильді аударымдар
Министрлік қарастырып отырған тағы бір нұсқа, егер үш айдағы кіріс төлемдердің сомасы үш ЕТЖ-ден көп болса немесе 2024 жылы 255 мың теңге болса, мобильді аударымдарды тексеріледі. Бұл туралы жақында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеген.
Еске сала кетсек, былтыр Үкімет отырысында Қаржы министрлігінің басшысы Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтынын айтты.
«Біз ешкімді алдына ала үрейлендіргіміз келмейді» деген министр 2025 жылға дейін профилактикалық жазалар болмайтынын жеткізді.
Министрдің айтуынша, бизнесмендердің екі шоты болуы керек. Бірі кәсіпкерлік қызметке пайдаланылса, екіншісі жеке мақсаттар үшін мобильді аударымдар үшін қолданылады.
«Бұл заң былтыр қабылданды. Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды», – деді Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ерұлан Жамаубаев.
Үкімет басшысының орынбасары басты мақсат жиі жасалатын ақша аударымдарын фискалдандыру екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта мобильді аударымдардың салықтық бақылауына қатысты қоғамдағы қызу талқыға байланысты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте бірқатар сұрақтарға жауап берген еді.
Айтуынша, мобильді аудармаларды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметтің көлеңкесінен шығуға бағытталған.
Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады. Яғни кәсіпкерлерлік қызмет белгілері болған жағдайда ғана сұрақтар туындайды