Қазақстан шекара пунктерінің жұмыс режимі өзгереді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасынан өтетін адамдарға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында ҰҚК Шекара қызметі келесі автомобильдік өткізу пунктерінің жұмыс регламентіне өзгерістер енгізді», – деп хабарлады ведомство.
Атап айтқанда:
Ресей Федерациясымен:
«Найза», Павлодар облысы
«Қоянбай», Абай облысы
«Байтанат», Абай облысы
Қытай Халық Республикасымен:
«Нұр Жолы», Жетісу облысы
«Достық», Жетісу облысы
«Қолжат», Алматы облысы
«Бақты», Шығыс Қазақстан облысы
«Майқапшағай», Шығыс Қазақстан облысы
Қырғыз Республикасымен:
«Кеген», Алматы облысы.
«2024 жылғы 1 наурыздан бастап көрсетілген өткізу пунктері сағат 07.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істейді», – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Өзгерістер Үкіметтің 23.11.2000 жылғы № 1749 қаулысына сәйкес енгізілді. Нақтырақ айтқанда 2024 жылғы 1 наурыз сағат 00.00-ден бастап елдің барлық аумағында бірыңғай сағаттық белдеудің белгіленуіне байланысты.
Банктердің жұмысы шектеледі
1 наурыздан бастап республиканың біртұтас уақыт белдеуі UTC+5 болады. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық аймақта уақыт өзгереді. Осыған байланысты көптеген қазақстандық банктер клиенттерге техникалық жұмыстар мен уақытша ақаулар болатыны туралы хабарлаған. 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Бұл уақытта елдегі банктердің жұмыстарында кідірістер болуы мүмкін.
Уақыт белдеуінің өзгеруі қор биржаларының жұмысына әсер етпейді
Қазақстан қор биржасы KASE веб-сайты сағат 00:00-ден 04:00-ге дейін істемейді.
Астана халықаралық биржасының сайты үзіліссіз жұмысын жалғастырады. Бірақ «Табыс» қызметінің жұмысы серіктес банктердегі шектеулерге байланысты 29 ақпан күні сағат 23:00-ден 1 наурыз күні сағат 1:00-ге дейін жұмыс істемейді.
Уақыт 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні өзгереді
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның электрондық үкіметінің сайтында да сағат белдеуінің өзгеруіне байланысты техникалық жұмыстар жүргізілуі мүмкін. Ұялы байланыс операторлары 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні байланыста шектеулер болуы мүмкін екенін де ескертті.
2023 жылдың қаңтарында ҚР Сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің (ҚТРМ) төрағасы Қуаныш Елікбаев комитетке елдегі уақыт есебін қайта қарау туралы азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан көптеген өтініш түсіп жатқанын мәлімдеді.
2023 жылдың ақпанында Қазақстан билігі арнайы жұмыс тобын құрды. Оның құрамына ғылыми институттардың, медициналық университеттердің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, парламент депутаттары кірді.
Сарашылар ең қолайлысы осы деп есептейді
Сарапшылар пікірінше UTC+5 біртұтас уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқа. Бұл уақыт кедергілерін жояды. Әрі көлік және басқа да коммуникацияларды үйлестіруді жақсартады. Сондай-ақ бизнеске, мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің өзара әрекеттестігіне оң әсер етеді.