Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты Kaspi қосымшасының сервистері уақытша жұмыс істемейді

Жарияланды
Kaspi қосымшасының
Kaspi қосымшасының Kaspi QR мен Kаspi Gold функциялары қалыпты режимде жұмыс істейді / Фото: kursiv.media

Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты Kaspi қосымшасының сервистері уақытша жұмыс істемейді. Бұл жайлы банктің әлеуметтік парақшасында жазылған.

«1 наурыз күні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді.⁣ Осыған байланысты 29 ақпан күнгі сағат 22:00 бастап 1 наурыз күнгі сағат 02:00 дейін біз техникалық жұмыстар жүргіземіз. Kaspi.kz мобильді қосымшасындағы кейбір сервистер, сондай-ақ Kaspi Банкоматтар, Kaspi Терминалдар мен Kaspi Картоматтар уақытша жұмыс істемеуі мүмкін»,– делінген хабарламада.⁣

Жоғарыда аталған сервистер уақытша тоқтағанымен, Kaspi QR мен Kаspi Gold арқылы төлем жасау және Kaspi клиентіне ақша аударымдарын жөнелту функциялары қалыпты режимде жұмыс істейді.⁣

Банк Kaspi Travel-де билет сатып алған жолаушыларға ұшақтың ұшатын уақыты туралы өзекті ақпаратты «Сапарларым» бөлімінен бақылап отыруды ұсынған.

Басқа банктердің қызметіне сағат белдеуінің ауысуы қалай әсер етеді?

Осыған байланысты көптеген қазақстандық банктер клиенттерге техникалық жұмыстар мен уақытша ақаулар болатыны туралы хабарлады.

Мәселен, Ұлттық банктің ресми сайтында «Серверлік жабдықта жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ҚҰБ-тың интернет-ресурсы 29 ақпан күні сағат 20:00-ден 01 наурыз 2:00-ге дейін уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін»,- делінген.

Ал Halyk Bank  29 ақпан күні сағат 23:00-ден 1 наурыз күні сағат 8:00-ге дейін Onlinebank-те техникалық жұмыс жүргізетінін ескертті. Сондықтан 1 наурызда кейбір қызметтер қолжетімді болмауы мүмкін. Банктің баспасөз қызметі 29 ақпанға дейін өзара есеп айырысу мен төлемдерді аяқтауға кеңес берді.

Сондай-ақ «ЦентрКредит Банкі» барлық банктік операцияны 29 ақпан күні сағат 23:00-ге дейін аяқтауды сұрады. Әлде бұл жұмыстарды 1 наурыздың таңына ауыстыруды ұсынады. Түнгі уақытта мамандар техникалық жұмыстарды жүргізеді және ақпараттық жүйелер 23:00-ден 02:00-ге дейін жұмыс істемеуі мүмкін.

«Отбасы Банкінің» барлық банк жүйесі 10 сағаттан астам уақыт – 29 ақпан сағат 18:00-ден 1 наурыз күні сағат 08:00-ге дейін мүлдем қолжетімсіз болады. Бұл өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарына да, балама кіру құралдарына да әсер етеді.

Bereke Bank банкі өз клиенттеріне бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша түзетулер болатынын ескертті. B-Bank және B-Business қосымшалары 29 ақпан сағат 22:30-дан 1 наурыз сағат 07:00-ге дейін қолжетімді болмайды. Сондай-ақ банк шұғыл төлемдер мен аударымдарды алдын ала жасауға кеңес берді. Бірақ филиалдар жаңа уақытты ескере отырып, кесте бойынша (өзгеріссіз) жұмыс істейді.

«Еуразиялық банк» пен «Нұрбанк»  1 наурызға қараған түнде банк қызметтерінде уақытша үзілістер болатынын ескертті.

Jusan банк те де түнгі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірақ банк мұны кідіріссіз орындауға ниетті.

Үкіметің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында уақыт белдеуі ауысады. Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылған.

Бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылады. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытады.   

Сондай-ақ оқыңыз