ҚНРДА шығыстары бюджеттен емес, Ұлттық банктен қаржыландырылады
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін Ұлттық банк қаржыландырады. Бұл жайлы Ұлттық банктің «Ашық НҚА»-да жарияланған қаулысында жазылған.
Қаулыға сәйкес «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың және олармен үлестес заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иеленуі қағидалары бекітіледі.
Құжатта «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, оның ведомстволарының, оның құрылымына кіретін ұйымдардың және дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалардың, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi органның тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді иелену қағидалары бекітілетіні» жазылған.
Құжат түсіндірмесінде бұл өзгерістер Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін республикалық бюджет шығыстарының құрамынан қаржыландырудан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен қаржыландыруға көшіру мақсатында енгізілгені жазылған.
Қаулы 2024 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі
Еске сала кетсек, күзде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) өкілеттігін кеңейтуге қарсы емес екенін айтқан болатын. Ол Қаржылық секторды реттеу функциясын Ұлттық банк пен ҚНРДА арасында бөлуді дұрыс деп санайтынын жеткізді. сол мақсатта арнайы жол картасы әзірленіп жатқанын да мәлімдеген болатын.
«Бұл карта желтоқсанда өтетін қаржылық тұрақтылық кеңесінде бекітілетін болады. Біз ҚНРДА-ның күшейгенін қалаймыз. Олардың бақылауында көптеген субъекті бар. Сол үшін бұл істе өте білікті мамандар мен сарапшылардың көмегі керек болады. Оның үстіне қазіргі таңда агенттік пен банк арасындағы жұмыс күшейтіліп жатыр. Жалпы қаржылық тұрақтылық мандаты заң бойынша Ұлттық банк пен ҚНРДА-ға жүктелген. Сол себепті біз оларға қаржылық тұрғыдан да, реттеу жағынан да көмектесеміз», – деді Сүлейменов.