Жаңалықтар

Инвесторға кеңес: эмоцияны ысырып қоюдың амалдары

Инвестор эмоциясын бақылауда ұстауы керек / shutterstock

Инвестиция әлемінде әккі болу үшін қаржылық сауатты болып, стратегияларды меңгеру керек деп жатады. Бірақ бұдан бөлек керек қасиет — инвестиция психологиясын жақсы білу. Яғни эмоцияға берілмей, салқынқанды шешім қабылдауды үйрену маңызды.

Әсіресе, енді бастап жатқан инвестор қит еткен өзгерістің бәріне күйіп-піспей, әліптің артын бағу керегін ұғуы қажет. Толағай табыс табу үшін қандай аспектілерге мән беру керек? Тәжірибелі мамандардың қандай принциптері бар? Осы туралы айтамыз.

Инвестицияның да психологиясы болады

Ойдағыдай пайдаға кенеліп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін эмоцияны жиып қоюға көмектесетін стратенияларды білген дұрыс. Мысалы, күн сайын кішігірім болса да жетістікке жетіп отырсаңыз, ол мотивацияны арттырады. Аз-аздан, бірақ үздіксіз. Психологиялық стратегия құралдарын дұрыс қолдана білсеңіз, нарықтағы түрлі жағдайды ескере отырып, дұрыс шешімдер қабылдауды үйренесіз. Ал ол үшін ең бірінші кезекте — эмоцияңыз құбылмай, қалыпты болып тұруы қажет. Мысалы, ойыңыз шашыраңқы, өзіңіз қобалжып тұрсаңыз, қателесуіңіз әбден мүмкін. Толқып тұрғандықтан, дұрыстап ойлануға мұрша болмайды. Айталық, активтер аяқ-асты қатты аспандап не арзандап кеткенде жылдам шешім қабылдаймын деп ақшаңыздан айырылып қалуыңыз ықтимал.

Инвестор шешім қабылдайтын кезде эмоциясын бақылап, салқынқанды бола алса, көптеген негатив жағдайдың алдын алады. Сондықтан жоғарыда айтқандай, баға қатты өзгерген кезде ойланбастан шешімге келу өзіңізге зиян. Валюта, актив, облигациялардың бағасы үнемі құбылып тұрады. Қаншалықты салқынқанды, стресске қарсы тұра алатын адам болсаңыз, соншалықты дұрыс шешім қабылдайсыз. Инвестор осы қасиеті ғана алдағы жағдайда нақты қандай пайда көретінін дәл есептеуге көмектеседі.

Инвестор психологиясы

Осы ретте мынадай кеңестерді есте ұстаңыз:

  • Бәрін баланста ұстап үйреніңіз. Инвесторлардың салымдарына деген ойы һәм күйі мынадай болады: біріншісі — барынша асап қалсам деген ой, екіншісі — қорқыныш яки әлдебір шешім қабылдар алдында ақшамнан айырылып қаламын деген ой. Мұндай кезде баланс ұстау өте қиын. Бірақ үйрене алмайтындай дүние емес.
  • Ізденіп, көп оқыңыз. Ақпарат ағыны шексіз. Түрлі жаңалық оқимыз. Сондықтан негізсіз бір ақпаратты оқи сала шешім қабылдауға асықпаңыз. Басқа дереккөздерден қарап, шолып шығыңыз. Дегенмен қатты тәуелді болмауға тырысыңыз. Мұнда да баланс керек.
  • Алғашқы тәжірибе сәтті болса, бұл да сізге шабыт береді. Инвестиция нарығында анализ жасау үшін график тәсілі қолданылады. Көбіне жақсы нәтиже көрсетеді. Әр сәтті саудадан кейін құлшыныс ашылады. Дегенмен бірнеше рет қатарынан сәтті жасалса, кейбірі тәкаппарланып кетеді. Сөйтіп өзіне деген сенімділігі артып, мақтаншақ болып кетуі мүмкін. Осылай үнемі жолым бола береді деп ойлаған инвестор жағдай өзгеріп, ұтылса — қатты ашуланып, сәтсіздікті көтере алмай қалуы да ғажап емес.
  • Қиын жағдайға тап болған кезде көп инвестор бір шешімге қатып қалып жатады. Яғни әлдебір шешім қабылдайтын кезде ол өзінің не таныстарының басынан өткен жағдайға ғана байлам жасайды. Ал жағдай әр кезде әр түрлі болады. Сондықтан барынша анализ жасап, сосын барып шешім шығару керек. Әйтпесе, бұрын өтімді болған дүние бұл жолы олай болып шықпауы мүмкін.
  • Адам үнемі интуициясын тыңдайды. Тыңдағаны да дұрыс. Өйткені инвестиция нарығында әр ойыншы шешімді өзі қабылдайды. Сондықтан интуицияңыз нашар болса, оны қолдан дамытқан дұрыс. Жаңа бастап жатқандар кіріс пен шығынын тізіп, әр инвестициялайтын объектінің басты тұстарын зерттеп үйренуі керек. Сонда уақыт өте келе интуиция пайда бола бастайды. Дәл аналитикалық деректер мен қаржы жоспары қандай маңызды болса, интуиция да — сондай басты дүниенің бірі. 

Инвестор эмоциясын қалай сынай алады?

Инвестордың жолында түрлі эмоциялық қиындық болады. Сол себепті әр салымшы жетістікке жетер жолда неше түрлі сынаққа тап болатынын жақсы түсінуі керек. Соның ішінде эмоция сыналатын сәттерді тізіп шығайық:

  • Алғашқы жеңіл пайда кезінде бөркіңізді аспанға атып қуанбаңыз. Себебі нарық өсетін кезде жасалған инвестициялық қоржын міндетті түрде пайда әкеледі. Десе де бұл сәт ұзаққа созылмайтынын есте ұстау керек. Одан гөрі саналы түрде инвестициялау жолдарын үйреніп, қарапайым ережелерді ұстанған абзал. Келесіде дәл осындай жеңіл қол жеткізетін, мол табыс әкелетін өсу бола ма, болса да жуық арада бола ма — белгісіз. Әдетте, нарық қатты өскеннен кейін баяулайды. Үнемі осылай толағай табыс бола береді екен деп ойламаңыз. Салқынқанды болған жөн.
  • Шығынға батқан кезде де инвестордың сабыры сыналады. Инвестициялық қоржыныңыздың бағасы ұдайы құбылып тұрады. Нарықтың заңы сондай. Ұзақ мерзімге жоспарлағандықтан, баға болмашы түскен кезде сары уайымға салынбаңыз. Мысалы, бір ай бұрын ғана алып, келесі айда одан еселеп пайда табамын деп ойламайсыз ғой? Сондықтан акция не облигацияларды сатқан кезде іргелі анализ жасап барып шешім қабылдаңыз. Эмоцияға ермеген жөн. Айталық сіз таңдаған компанияның болашағынан үміт бар делік. Бірақ аздап бағасы түссе, бірден көңіліңізді түсірмеңіз. Көрсеткіштері өзгермесе, жаңалықтарда қаралап жатпаса, баға нарықтағы ахуалға байланысты түсті деген сөз. Бұл факторды естен шығармау керек. Табыс пен шығын мәселесі активіңізді сатып жіберген кезде ғана есептеледі. Ал сатпайынша активтің өзі мен оның уақытша бағасы ғана болады.
  • Кез келген инвестор қателеседі. Кейде анализ дұрыс жасалмайды. Соның кесірінен ұтылуыңыз мүмкін. Енді бірі тым негізсіз әрі қатты тәуекелге бел буады. Жолыңыз болмаса, бірден түңілмеңіз. Бастысы, содан сабақ ала алсаңыз болды.
  • Бәріне бірдей келе беретін әмбебап тәсіл іздейтіндер болады. Бірақ бұлай ойласаңыз, қателесесіз. Одан гөрі теорияны жақсы біліп, оны іс жүзінде қолдана алуды үйренгеніңіз дұрыс.

Инвестор эмоциясын қалай жиып қоя алады?

Инвестиция әлемінде эмоцияға берілмеу өте қиын. Дегенмен өзіңізбен жұмыс істеп үйренуіңіз керек. Ол ретте сізге біліміңіз көмектеседі. Инвестиция процесін үтір-нүктесіне дейін зерттеп алған адам стресске өте төзімді болып келеді. Сондықтан сізге заңдылықтар мен тарихи фактілерге мониториң жасап отыру қажет. Әрине, толықтай кепілдік бермесе де, анализді дұрыс жасауға мүмкіндік береді. Инвестициялық қоржынды әртараптандырыңыз. Кез келген инвестордың қоржыны диверсификацияланып отыруы керек. Инвестициялар құнын қайта-қайта бақылап отыратын әдетіңіз болса, мұныңыз бекер. Инвестор эмоциясын бақылауда ұстау үшін, бостан-босқа бойына үрей ұялатпағаны жөн. Күн сайын қарағыштап отырғаннан жақсы болып кетпейді. Егер сирек қарайтын болсаңыз, онда жақсы нәтижені де көресіз, заңдылықты да түсінесіз. Егер жаныңыздағылар үнемі қара аспанды төндіріп, түрлі пікір мен кеңес айта беретін болса, «кеңесшім бар» деп құтылсаңыз болады. Сонда құлағыңыз тынышталады.