АҚШ Қазақстанда электр көліктерін зарядтау станциялары өндірісіне инвестиция салмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
зарядтау
АҚШ қандай салаларға инвестиция салады? Фото: shutterstock.com

АҚШ Қазақстанда электр көліктерін зарядтау станциялары өндірісіне инвестиция салмақ. Титан, берилий, тантал және ниобий сирек металдарды өңдеу саласына инвестиция құйылуы мүмкін. ҚР Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев АҚШ-қа жұмыс сапары барысында АҚШ-тың DFC ұйымының басшылармен кездескен.

DFC Бас директорының орынбасары Ниша Десаи Бисвалмен кездесуде тараптар екіжақты жобаларды талқылаған. Олардың қатарында Kazazot тыңайтқыштар зауытының құрылысы, электр көліктерін зарядтау станциясының өндірісі, сондай-ақ Ақтау портындағы контейнерлік хаб пен Батыс Қазақстанда көлік-логистикалық хабтың жобаларын әзірлеу бар.

Министрлік бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды оқиға болғанын атап өтеді.

Титан, берилий, тантал және ниобий сияқты сирек металдарды өңдеудегі Қазақстанның бірегей мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылып, Қазақстанның бай шикізат базасы негізінде бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктері қарастырылды»,– делінген хабарламада.

2023 жылы Қазақстанда америкалық компаниялардың қызметі 12%-ға артқаны байқалған. Бұл қос ел арасындағы экономикалық байланыстың нығая түскенін көрсетеді.

Ниша Бисвал DFC-тің Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға үлкен қызығушылық танытқан. Сондай-ақ ынтымақтастық перспективаларын одан әрі талқылау үшін Қазақстанға келуге ниетін білдірген.

DFC – дамушы елдерге жеке инвестицияларды тарту арқылы қызметі даму секторларын қамтитын мемлекеттік ұйым. Агенттік серіктестердің экономикалық дамуын, сондай-ақ өз елінің экономикалық мүдделерін қолдауға маманданған.

АҚШ – Қазақстанға инвестиция салған елдердің арасында көш бастап тұрған мемлекеттердің бірі. Шетелдік тікелей инвестиция көлемі бойынша көш бастап тұрған елдер: Нидерланды – $8,33 млрд (өсім – 19,7%), АҚШ – $5,1 млрд (+81,9%), Швейцария – $2,8 млрд (+2,4%).

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 7 жылда кемінде 150 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тарту жөнінде тапсырма берген. 

Сондай-ақ оқыңыз